Қазақстандағы QAZBILIM білім беру жобасының ұлттық лицейлер бағыты өз жұмысын ресми түрде тоқтатты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жоба жетекшісі Аятжан Ахметжанның айтуынша, лицейлердің жабылуына соңғы бірнеше жылдағы қаржылық қиындықтар себеп болған. Ұлттық лицейлер бағыты төрт жылға жуық уақыт жұмыс істеп, көптеген оқушыға білім берген.
«2023 жылдың наурызынан басталған әртүрлі қысымдар мен қаржылық қыспақтың салдарынан бұл бағыттың жұмысын ресми түрде тоқтаттым. Бұл – мен үшін өте ауыр шешім», – деді ол.
Жоба жетекшісі бұдан былай күш-жігерін QAZBILIM орталығы мен QAZBILIM кітаптары бағыттарын дамытуға жұмсайтынын айтты. Оның басты мақсаты – жиналған қарыздарды өтеу және өз міндеттемелерін орындау.
Сонымен қатар, ол QAZBILIM аясында сапалы білім беру мен кітап шығару ісі жалғасатынын атап өтті.
«Біз жүйемізді сақтаймыз. Сондықтан сапалы білім беру қызметімізді де, сапалы кітаптар шығаруды да тоқтатпаймыз», – деді Аятжан Ахметжан.
Жоба жетекшісі қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдіріп, қандай да бір зияны тиген адамдардан кешірім сұрады. Ол алдағы уақытта жобаның өзге бағыттары жұмысын жалғастыратынына сенім білдірді.
«Ауыл баласы кем емес, мүмкіндік кем»: қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығы неге әлі жойылмай отыр?
