Ауыр қаза. Жүк көлігі жаяулар өткеліндегі баланы опат қылды

298
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Шымкентте жүк көлігі баланы қағып кетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Алматы арнасына сілтеп.

Қайғылы оқиға 1 маусым күні кешкі уақытта болды. 11 жастағы Нұрасыл Әбдірахман дүкенге балмұздақ алуға бара жатқан кезде жүк көлігінің астына түсіп, оқиға орнында көз жұмды.

Куәгерлердің айтуынша, бала екі қарындасымен бірге жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өтпек болған. Сол сәтте коммуналдық қызметке тиесілі ауыр жүк көлігі оны қағып кеткен. Оқиға куәгерлерінің сөзінше, арнайы техника жол-көше тазалау және қоқыс шығару жұмыстарын жүргізіп жүрген.

«Бала жол үстінде жатты. Бірнеше метр жерде бас сүйегінің бөліктері мен ішкі ағзалары шашылып жатты. Өлім бірден болғаны көрініп тұрды. Бұл өте ауыр жағдай», – деді жергілікті тұрғын Ерғали Сүлейменов.

Бүгін марқұмды туған-туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Нұрасыл көпбалалы отбасындағы алты баланың бірі болған. Ол мектепте жақсы оқып, сыныбындағы үздік оқушылардың қатарында жүрген.

Марқұмның әкесі Қайрат Тасқұлов ұлының жол қозғалысы ережесін сақтап, арнайы өткелмен өтіп бара жатқанын айтып, кінәлі тұлғаның заң аясында жауапқа тартылуын талап етті.

«Балам жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан. Неге жүргізуші өткелге назар аудармаған? Әділ шешім қабылдансын», – деді ол.

Полиция мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Пікірлер