Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейді. АҚШ пен Иран бір-біріне соққы жасады

266
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xiYVH3r0QhjMZaaYdsrdTpES3ZpJXFPSzBj0Pt2h.webp

АҚШ Иранның Парсы шығанағындағы кемелерге және көршілес араб елдерінің аумағына бағыттап ұшырған дрондары мен баллистикалық зымырандарын атып түсіргенін мәлімдеп, оған жауап ретінде «өзін-өзі қорғау» мақсатында Иран аумағына соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, соққылар Ормұз бұғазындағы Кешм аралына жасалып, бұл әрекет «Иранның Таяу Шығыс аумағындағы шабуыл жасау әрекеттеріне жауап ретінде» жүзеге асырылған.

CENTCOM дерегіне сәйкес, Иран Кувейтке қарай екі зымыран ұшырған, алайда олар нысанаға жетпей жойылған. Бұдан бөлек, Бахрейнге бағытталған тағы үш зымыран әуеде ұсталып қалған.

Өз кезегінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы аймақтағы елдердің біріндегі америкалық әскери базалар мен тікұшақтарға зымырандар мен дрондар арқылы соққы жасағанын мәлімдеді. Ирандық БАҚ бұл шабуылды АҚШ-тың Кешм аралының оңтүстігіндегі байланыс мұнарасына жасаған соққысына жауап деп бағалап отыр.

CENTCOM Кешм аралында Иранның әскери басқару пункті нысанаға алынғанын хабарлады. Сондай-ақ аймақтық сулар арқылы заңды түрде транзитпен өтіп бара жатқан азаматтық кемелерге бағытталған үш ирандық дронның атып түсірілгенін мәлімдеді.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери науқан бастағаннан бері Иран Ормұз бұғазын үш айдан астам уақыт бойы бұғаттап отыр. Сәуір айының басында атысты тоқтату туралы жарияланғанымен, соңғы күндері бейбіт келіссөздер қайтадан тығырыққа тірелген. АҚШ 13 сәуірден бастап Иран порттарына бағыт алған немесе сол порттардан шыққан кемелер үшін бұғазды жауып тастаған.

Пікірлер