ҚазТАГ пен Freedom Finance арасындағы қылмыстық іс журналистикадағы кәсіби стандарттар мәселесін қайта көтерді

185
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zJk6VQGGIbcAm9ItNafBbIXEUU7EyDErJ3NhHWF6.webp

Freedom Finance пен «ҚазТАГ» агенттігі арасындағы қылмыстық іс қоғамдық талқылаудың өзегіне айналып отыр. Осыған байланысты журналист Алмат Әбдіраман әлеуметтік желідегі жазбасында мәселені тек екі тарап арасындағы жанжал ретінде емес, жалпы қазақстандық журналистиканың кәсіби стандарттары мен ақпараттық жауапкершілігі тұрғысынан қарастыру қажеттігін айтты.

«Ақиқатында, журналистің кәсіби жауапкершілігі мен сөз бостандығы бір-біріне қарсы ұғымдар емес қой. Қайта, жауапкершілік болған жерде ғана сөз бостандығының беделі бекемделеді. Журналист жіберген кілтипан кінәрат немесе жалған ақпарат фактісі анықталса, оны мойындау әлсіздіктен гөрі, кәсібиліктің белгісі», – деп атап өтті Алмат Әбдіраман.

Журналист Freedom Finance жариялаған ресми ұстанымға да назар аударып, компанияның негізгі мақсаты материалдық өтемақы өндіру емес, іскерлік беделін қорғау екенін атап өтті. Сондай-ақ, компания дауды медиация арқылы шешуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдегенін еске салды.

Журналист Әмір Қасеновке қатысты қозғалған қылмыстық іс төңірегіндегі пікірталастарда қоғам ақпараттың шынайылығы мәселесін де назардан тыс қалдырмауы керек деп санайды. 

Журналистика саласында 26 жылдық тәжірибесі бар Алмат Әбдіраман соңғы уақытта медиа кеңістікте алаңдаушылық тудыратын үрдістер байқалып отырғанын айтты. Оның пікірінше, кей жағдайда тексерілмеген немесе даулы ақпарат кеңінен таралып, кейін олардың шынайылығына қатысты сұрақтар туындағанда қоғамдық талқылау ақпараттың нақтылығы мәселесінен гөрі сөз бостандығына қысым көрсету тақырыбына әдейі ауыстырылып жіберіледі.

Автор мұндай жағдайда ақпараттың шынайылығы мен құқықтық жауапкершілік мәселелері екінші кезекке ысырылып қалуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға бағытталған кәсіби талқылаудың эмоциялық және саяси реңкі басым пікірталасқа ұласуы журналистика институтына деген қоғамдық сенімге кері әсер етеді.

«Мұндай үрдістер сөз бостандығы үшін адал еңбек етіп жүрген журналистердің беделіне нұқсан келтіріп, оқырман арасында бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімсіздіктің қалыптасуына себеп болуы мүмкін», – дейді журналист.

Оның айтуынша, құқықтық бағалау адамның кәсібіне емес, нақты әрекетіне берілуі тиіс. Журналист өз жазбасында АҚШ пен Еуропада да бұқаралық ақпарат құралдары жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын еске салып, кез келген дауда түпкі өлшем ретінде фактілер мен заң талаптары басшылыққа алынуы керектігін айтты.

Пікірлер