Қазақстан 2026 жылы 98 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр

118
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ajvbfiRxVs4wmiH9BG1zR6zLoSKnf90srcNAVQ5P.webp

Қазақстан 2026 жылы 98 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы 10 маусымда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Биыл Теңіздегі тоқтаулар мен КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарды ескере отырып, 98 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін шамамен 5 млн тонна мұнайды жоғалтқанымызды айтқан едім», – деді министр.

Оның сөзінше, Қазақстан Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарын 2027 жылға ауыстырған.

«Сондықтан болжамды көрсеткішке қосымша 2–2,5 млн тонна енгіздік. Нәтижесінде 98 млн тонна мұнай өндіреміз деп есептеп отырмыз», – деп толықтырды Ақкенженов.

Бұған дейін министр 2026 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 96–98 млн тонна деңгейінде болады деп болжаған еді.

Мамыр айының соңында «Теңізшевройл» компаниясы өндірістік ақау салдарынан мұнай өндіру көлемі уақытша төмендегенін хабарлаған болатын. Ал 1 маусымда компания мұнай өндіру көлемі қалпына келіп жатқанын және қалыпты деңгейге жақындағанын мәлімдеді.

Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы экспортталатын Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымына украиналық экипажсыз катерлер шабуыл жасаған. Соның салдарынан теңіздегі тиеу құрылғыларының бірі қатты зақымданса, екіншісі сол кезде жөндеуде болған.

Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылы 99,55 млн тонна мұнай өндіріліп, оның 78,7 млн тоннасы экспортқа жөнелтілген.

Пікірлер