Италияда қазақстандық студент қаза тапты

120
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Erac8khyMaIk1DeI8VLkKAvZAmi32Ds1CDzkLlae.webp

Фото: depositphotos.com

Италияның оңтүстігіндегі Вибо-Валентия провинциясына қарасты Бриатико коммунасының жағалауынан жас жігіттің денесі табылды. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, құтқарушылар мәйітті 9 маусым күні таңертең жағаға жақын маңдағы жартастардың арасынан байқаған, деп хабарлайды "Адырна".

Алғашында құтқарушылар қаза тапқан адамның шашының ұзындығына қарап, жынысы әйел деп болжаған. Алайда кейінірек оның шамамен 20-30 жас аралығындағы ер азамат екені анықталды. Италиялық журналистердің хабарлауынша, ақпарат жарияланған сәтте марқұмның аты-жөні ресми түрде аталмаған. Алдын ала мәлімет бойынша, жігіттің денесі жартастар арасында 15 сағат жатқан.

Оның денесінде қару жарақаты жоқ, жартастарға соғылған жарақат іздері бар. Қазіргі уақытта полиция өлімге суға бату себеп болған деген нұсқаны қарап жатыр.

Qumash арнасының ақпаратына сүйенсек, қаза тапқан азамат - Нұрдәулет Машарипов. Досының айтуынша, марқұм Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіріп, Кассино қаласындағы Unicas университетінің 3-курсында оқып жүрген.

«Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Машарипов Нұрдәулеттің Италияда қайғылы жағдайда өмірден өткенін қайғыра отырып хабарлаймыз. Қазіргі уақытта оның денесін отанына, Қазақстанға, жеткізу үшін 8000 еуро қажет, қаражат жиналып жатыр», - деп жазды Дінмұхаммед Мұхтаров.

Оқиғаға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.

«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қазақстанның Италиядағы Елшілігі мен Италияның құзыретті органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қазақстандық дипломаттар марқұмның жақындарымен байланыста отыр және қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр», - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Пікірлер