Аңыз Прометей және нағыз Прометей

217
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/84tJbStHKEjysFJnSpjaN8HwvQzKQ5rTzOHgKXYb.jpg

Прометей – ежелгі грек мифологиясындағы алып-титан, құдайлардың озбырлығынан адамдарды қорғаушы әрі оларға от сыйлаушы. Оның есімі грекше «алдын ала ойлаушы» немесе «қамқоршы» деген мағынаны білдіреді. Адамдарды жабайы күйден құтқарып, оларға өнер, ғылым мен қолөнер үйренуі үшін Зевстің рұқсатынсыз Олимптен от ұрлады.

Жанрлық ерекшелігі гонзо журналистикаға жақын, болған уақиғаны қаз-қалпында баяндайтын бұл әңгіме бұдан үш жыл бұрын жазылған. Әлде қашан ұсынбағанымыз әдеп сақтаған түріміз еді. Себебі: кейіпкеріміз жоғары лауазымды қызметте болды…

 Әлхисса. 2007 жылдың күзі. Алматыдамыз. Ошағымыздың оты өлеусіреп сөнуге шақ қалған. Бұл Алматымен қоса, оңтүстіктегі төрт облысқа түгел төнеген қауіп еді. Мына бетінде жүз мыңдаған шаңырақтың жылуы қатып қалар. Ол дегеніңіз аса ауыр апат болар еді.

От туралы, жылу туралы ойлаған біздің санамызда сол кезде Прометейдің аты аталып, жарнамасы жаңғырған.

 — Газ қайдан келеді?     

 — Өзбекстаннан. 

 — Не болды?

 — Олар газды тоқтатты.

 — Үкімет не қарап отыр.     

— Сөйлесіп жатыр. 

Ресми БАҚ тың ақпараты осы шамалы. Биліктің айтуынша: Шымкент, Жамбыл жақтарда жер асты үңгірлеріне айдап, сақтап отырған газ қорымыз бар”. Әй қайдам, қазірде Алматыңыздың өзі дірдектеп отыр. 

          ***
— Бұндай қауіп болжанған ба?     
— Иә, Бақтықожа Ізмұхамбетов бұны төрт жыл бұрын айтқан. Ол Энергетика және Тәбиғи ресурстар Министірі қызметінен босатқанша төрт жыл бойы тынбай табандап талап еткен.

Ол ұсынған жобада: «Еліміздің түстігінде тұтас халқымыздың төрттен бірі тұрады. Егер қыс мезгілінде Өзбекстан бізге газ беруін тоқтатса, онда ол — үлкен апат әкеледі. Сол себепті: оңтүстік облыстарды газ импортына тәуелділіктен босатуымыз керек” деген. Ол ғана емес, “Сарыарқа” газ құбыры жобасы да, Бақтықожаның ұсынысы болатын.

Ол “теріскейдегі қысы ұзақ өлкелерге, ондағы ауылдарга газ келсе, халықтың тұрмыс сапасы жақсарып, ішкі көші - қон саябырлап, жалпы тұрақтылыққа тамаша негіз болар еді” деген.

— 1000 текше метірін бізге 38 доллардан сатып отырған өзбектер бізден басқа алушы табылса құбырды бір-ақ күнде жабады. Сол үшін,— деген Бақтықожа Салахаддинұлы,— барынша қысқа уақытта Бейнеу, Бозай, Қызылорда бағытында құбыр тартып, батыстағы өзімізде бар отынды Шымкентке жеткізуіміз керек. Энергетикалық қауіпсіздік — бұл — Ұлттық қауіпсіздік деген сол кездегі Президентке 2004 жылы.

Бұл —тұжырымды түсінгендей болған Мемлекет басшысы Үкімет бастығына бағдарламаны мұқият зерттеуді және жобалық есебін жасауды тапсырды.

Үкіметке Даниал Ахметов енді ғана келген болатын. Мына жұмысты Президент тапсырған соң ол Энергетика миністірін шақырып алды.

Биік бітімді аққұба жігіттің Бәкеңмен әңгімесі жатық қазақша өрбіді. Министрді біраз тыңдаған соң, идеяны толық құптайтынын айтып, батыстан оңтүстікке тартылатын диаметрі 1200 мм, ұзындығы 1500 шақырымдық құбыр желісі туралы — осынау бір салмақты жоба туралы қызмет басталып еді. Бұл орындалса Қазақстан тарихындағы ірі ұлттық жобаның бірі болмақ.

Бәкең Ресейге 60 доллардан сатылған газдың есебінен Өзбекстаннан 38 долларға алып оңтүстікті жауып отырған жағдай уақытша тірлік,— деген. Ол бюджетке 22 доллар пайда әкелетін сауданың ұзаққа созылмайтынын сонда айтқан. Себебі: Түркімен газын Қытайға тарту туралы әңгіме басталып кеткен кез еді. Ол —“Көз алдыдағы пайдадан гөрі, ұзақ мерзімдік қауіпсіздік мәселесін маңызды орынға қою керек” барынша дәлелдеп баққан.      

           ***         
Миллиардтаған долларлық мұндай ірі жобаның орындалуына дейін көп уақыт кетер еді.

Үш жыл өте шықты. Бақтықожа табандап талап етуді тоқтатқан жоқ. Үкіметті жайлаған жемқорлық, бюрократия, біліксіздік, немкеттілік барынша кедергі болды. “Сарыарқа” жобасын қоя тұрғанда, оңтүстік бағыттың өзі мүлде жылжымады.

Осының бәрінен алдын-ала қауіп алған министр Бақтықожа жобаның орындалмай қалуы мүмкін екенін болжап, өзбектердің қолымен әрекет етуді бастап, кетті.

Оның сәті былай келді. Өзбек жағындағы энергетикаға, оның ішінде газтрансқа жауапты басшы Бақтықожаның байырғы досы, курстасы болатын. Уфадағы университетте бірге оқып, қатар бітірген жігіт еді.

 —Досым,— деді келесі бір газ келісіміне байланысты екі ел делегациясының кездесуінде,— сіз бен біздің үкіметтер арасында байланысты суытатын бір себеп болса, ол осы газ және судан туындайды. Біз газге байланысты үш жылдық келісім-шарт бекітейік, — деген.

Әңгіме Астанадағы мейрамхананың кең залында, жұрттан оқшау отырған екі министр арасында болған. Олар отырған креслоның жанындағы журнал үстеліне тақау келген елпек көмекші шоқырдың сүбесі мен қара уылдырық және сәндеп қиылған қазы мен нан қойып кетті. Ол келіп-кеткеше сәл еңкейіп, үнсіз қалған өзбек досы Бәкеңнің жүзіне көзінің үстімен сұраулы қарап отырды да бәсең дауыспен.     

 —Үш жылда нарықта не болады?

Қазақ министрі әріптесінің көзіне қарап, қалың қасын сәл көтеріп, ернін жымыры. Үнсіз қалды.

 — Газға байланысты әңгіме шықса не болады,— деді.    

Бақтықожа тағы үнсіз көз қараспен қалды. Өзбек ойлы жымиып, Бақтықожаның ойын дөп танып тұрғандвй сөз жалғады:

 — Ондай әңгіме шықса, Бейнеу-Шымкент құбыры тезірек тартылады…

Мырс ете қалған ол, “майлы, бизга һам зарары болмас” деп өзі өзіне күбірлеп, сиреп қалған төбе шашын алақанымен артына сылады. Ол креслоға сәл шалқайды да, мұз салынған мөдір ыдыстағы қара шәй түстес қышқыл сусынды сәл шайқап, дәмін татып, тамсанып қойды, май мен қара уылдырық қатар жағылған қара нанды тіске басты.

Қазақ жағы алдын-ала  дайындаған Өзбек — Қазақ газ экспорт-импорттына  байланысты үш жылдық келісім-шарт мейрамханадағы журнал үстелінде бекітіліп жатты.

          ***

Бақтықожа босқа қауіптенбеген екен. 2007-нің қатңарында Даниал Үкіметтен кетіп, Премьерлікке қазір де түрмеде отырған мұртты келді.

Жаңа үкімет: “Ембі — Шымкент бағытындағы құбыр жобасы миллиардтаған доллар қаражатқа түседі. Оның үстіне, импортқа қымбат кетіп жатқан экспорттық газды ішкі нарыққа бұрып, бағасы арзан өзбек газының орнына айдау тиімсіз жоба” деп тапты. Сөйтіп, төрт жыл жыр болып, жобалап, есептеп бітіп, әне-міне басталады деген жобаны күн тәртібінен алды. Жобаны ғана емес, оны барынша қорғаған Бақтықожаны да министрліктен кетіріп, энергетикаға өз адамдарын қойды. 

          ***

Өзбектердің газ құбырын жабуына сылтау болған өткен жылы Бақтықожаның “идеясымен” жасалған (әлгінде біз айтқан) келісімшарт еді. Онда қазақ-өзбек газ импорт-экпортына бір бағамен үш жылға шарт жасасқан болатын. Енді бүгін Өзбектер сол келісім-шарттағы бағаны көтеруді сұрап, шартты бір жақты бұзып, газ құбырын жауып отыр.

 Қазақ келіспейді. Өзбектер оған қоса, қазақтың ресейге газ экспорт бағасын 150% көтергенін айтып, одан бетер табандап тұрған. Оңтүстіктегі төрт облыс қалтырап қатайын деді.

Ақыры мәмілеге келді, өйтпеске қазақтың қауқары жоқ еді. Айтпақшы, Ресейге экспорттық бағаның 150 процентке көтерілуіне де Бақтықожаның адам таппас тосын қимылы себеп болған. Қызық. Оны келесі әңгімеде айтамыз.

PS.

а) Астанадағы Президент Аппаратында және Үкіметте шақырылған шұғыл жиналыстар төтенше сипатпен өтті.

ә) Иә, сонымен 17 күнге созылған газ текетіресінде қазақ жағы мәмілеге келді. Бақтықожа бекіткен үш жылдық келісімшартты бұзды. Бағаны реттелді.

 б) үш күннен соң сол сол кездегі Президенттің “Халыққа жолдауында: “Оңтүстікті газбен қамтуды өзбек газіне импорттық тәуелділіктен босату басты міндет — ол бірінші кезекте орындалады” деген тіркестер жалынды папоспен айтылып жатты. Сөйтседе, кейін трансұлттық сипат алған ірі жобаның орындалуына әлі де үш жыл уақыт керек болатын. Ондай бақыт жоба авторына емес, келесі министр Саут Мыңбаев мырзаға бұйырды.

         ***
 Батыс Қазақстан облысының әкім кеңсесінде Бақтықожа Салахаддинұлы оңаша еді. Қаракөк түсті костюмін кресло арқалығына жауып, арлы-берлі біраз жүрді. 17 күн бойы табандылықпен газ құбырын жауып отырып алған байырғы курстас досын есіне алды. Астанадағы оңаша сөйлесуден кейін бұлар кезікпеген. Себеб:  тағы бір әңгімемізде айтқан “Нон грата”.

 Түркімен —Қытай құбырының өтетін жолы туралы айтқан өзбек Президентіне үзілді-кесілді тойтара жауап беріп, “дөрекілік” танытқаны үшін көрші ел қазақ министрі Бақтықожа Ізмұхамбетовке нон грата берген еді. Сөйтіп, Ташкенттегі ескі досқа барар жол жабылған.

 Досына деген сағынышты көңіл күйден сәл сергігенде ішкі бөлмедегі тоңазытқышты елеусіз ғана  ашып, мөлдір ыдысқа мұз салды. Оның үстіне шәй түстес сусын құйып баяу ғана шайқап тұрды.

Бір сәтте ойлаған мақсатына апарар адал рух пен еңбек және жеткен мұратқа қанағат сезімін ақынша сезініп көңілі толқып, өлең шақырып тұрды.

Айтпақшы, әлгінде Даниал Кенжетайұлы да телефон шалған: “Құттықтаймын Бәке,— деді ол,— Бұл сізбен әріптес болған уақыттағы бүкіл ұлттық деңгейде жеткен үшінші үлкен жеңісіміз. Сіз халықаралық масштабтағы ірі кадрсыз,— деген.

Оңтүстік өлкелерді өзбек газіне тәуелділіктен босатып, ұлттың өз ошағына өз отын жеткізген; кейінгі 2019 жылы Астанаға жеткен “Сарыарқа” жобасының да иесі  Бақтықожа Салахаддинұлы Ізмұхамбетов қазақ үшін аңыз Прометей емес,нағыз Прометей.

 Тіпті италиялық АДЖП пен Бритичгазден қаржы алып, Оралдан Бөкейордаға 600 шақырым газ тартқызғаны үшін ақ мақаланы мұндай тақырыппен жазуға болар еді.

“Ел қамын жеген ерлердің

Сөз білген жанда қақы бар” (Ығылман Шөрекұлы).

Мемлекетшіл тұлғалардың Ел қуатын нығайту жолындағы еңбегін насихаттау, сондай болуға талпынатын ұрпақ өсіруге керек.

Бәке аға таяуда “Ардагерлердің төрағасы” мандатын тапсырып, толық қанды зейнет демалысына жинала бастағанын оқыдым. Қазақ өмірінде бар прометейге денсаулық тілеймін. 

          Алмас Ахметбекұлы

Пікірлер