«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымның құрылғанына 5 жыл толуына орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында «Тектілер ту көтереді» атты республикалық шығармашылық байқаудың басталғанын жариялады. Жалпы жүлде қоры – 3 миллион теңге.
Байқау «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның бес жылдық мерейтойы мен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып отыр. Оның негізгі мақсаты – қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбиені дәріптеу және балалар мен жастардың қауіпсіз әрі үйлесімді дамуына бағытталған бастамаларды кеңінен насихаттау.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға қатысушылар «Сенімен Болашақ» РҚБ жүзеге асырып жатқан жобалар мен бастамалар негізінде әзірленген телевизиялық сюжеттерді, баспа және интернет-басылымдардағы мақалаларды, сондай-ақ радио немесе YouTube форматындағы бағдарламаларды ұсына алады.
Байқау келесі номинациялар бойынша өтеді: «Үздік телевизиялық материал» – 500 000 теңге;
«Баспа басылымындағы үздік мақала» – 500 000 теңге;
«Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» – 500 000 теңге;
«Үздік радио немесе YouTube бағдарламасы» – 500 000 теңге.
Бұдан бөлек, арнайы ақшалай ынталандыру сыйлықтары да қарастырылған.
Конкурсқа 2026 жылғы 18 маусым мен 15 шілде аралығында қазақ немесе орыс тілдерінде жарияланған не эфирге шыққан материалдар қабылданады. Бір қатысушы ұсынатын жұмыстар санына шектеу қойылмайды. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі журналистер қатыса алады.
Жұмыстарды салалық сарапшылар, тәжірибелі журналистер және қоғамдық сала мамандарынан құралған тәуелсіз комиссия бағалайды.
Байқауға қатысу үшін материалдарды senimenbolashaq.media@gmail.com электрондық поштасына жолдау қажет. Қосымша ақпаратты +7 775 510 1784 телефон нөмірі арқылы алуға болады.
Байқау қорытындысы 2026 жылғы 20 шілдеге дейін жарияланады.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның жаңа құрамдағы алғашқы отырысы өтті
