Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне жер телімдерін тегін бермек

335
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AkbOcgl9z2tFfRprIaL8XYDEIY4KS05ReMvkLc2C.webp

Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Астана мен Бішкектегі ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификацияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сенаттың мәліметінше, бұл келісім екі елдің елшіліктерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажет. Құжатқа 2025 жылдың 22 тамызында қол қойылған. Жер телімдері мен ғимараттар 49 жыл мерзімге пайдалануға беріліп, кейін бұл мерзімді ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Келісімге сәйкес, Қазақстанның Бішкектегі елшілігіне көлемі 0,75 гектар жер учаскесі бөлінеді. Сондай-ақ Қазақстан елшісінің резиденциясы үшін жалпы ауданы 531,66 шаршы метр болатын коттедж және оған іргелес 0,17 гектар аумақ беріледі.

Ал Қырғызстанның Астанадағы елшілігіне көлемі 0,74 гектар жер телімі ұсынылады. Қырғызстан елшісінің резиденциясы үшін ауданы 1267,8 шаршы метр коттедж және оған іргелес 0,125 гектар аумақ бөлінеді.

Сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Андрей Лукин бұл мүліктердің екі мемлекетте де барлық салық пен алым түрлерінен босатылатынын айтты.

«Тараптар ғимараттарды салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді төлеуге байланысты барлық шығынды қабылдаушы елде қолданыстағы тарифтерге сәйкес өздері өтейді», – деді ол.

Сенатта атап өтілгендей, келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға, саяси диалогты дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.

Пікірлер