Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығында Ұлттық домбыра күніне орай «Ғасырлар үні –домбыра» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтау, домбыраның рухани құндылығын дәріптеу, жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру және халқымыздың күй өнерін кеңінен насихаттау.
Мерекелік концертті Айлиннің орындауындағы «Самалтау» әні ашып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бағдарлама барысында «Қара жорға» ұлттық биі орындалып, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрі дәріптелді.
Орталықтың мұғалімдері Карасаев Нұрбек пен Абдығазиз Ғабит орындаған «Күйлерден попурри» көрермендердің ыстық ықыласына бөленсе, Қарабек Ерасыл «Домбыраның шығу тарихы» туралы аңызды әсерлі жеткізіп, домбыраның шығу төркіні жайлы тағылымды мәлімет ұсынды. Сондай-ақ күй оркестрінің орындауындағы шығармалар мен Айлиннің әуелете шырқаған «Дайдидау» әні концерттің көркін аша түсті.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Dombyra-Quiz» танымдық ойынына көрермендер белсене қатысып, қазақтың күй өнері мен ұлттық мұрасына қатысты білімдерін сынады. Сонымен қатар қазақ қыздарының ұлттық биі көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.
Концерттің шарықтау шегі өнерпаздардың орындауындағы «Домбыра» күйімен түйінделіп, мерекелік кеш әсерлі нотамен аяқталды.
Ұлттық домбыра күніне арналған бұл тағылымды іс-шара ұлттық құндылықтарды насихаттап, қатысушылардың рухани дүниесін байытып, халқымыздың төл өнеріне деген құрметін арттыра түсті.
