Бес адамның өліміне әкелген апат. Жолды тиісінше күтіп ұстамаған басшы сотталды

146
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nAo5Eh1o724gJKJdnJ3y4yG20K7r6pvXtLpeg2cD.webp

Маңғыстауда жолды тиісінше күтіп ұстамау ісі бойынша Қазақстандағы алғашқы үкім шықты. Бұл туралы бүгін, 15 шілдеде Бас көлік прокуратурасы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қайғылы оқиға 2026 жылдың 16 қаңтарында республикалық маңызы бар «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автожолында болған еді. Көктайғақтың кесірінен Yutong жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған болатын. Апат салдарынан бес адам қаза тауып, тағы 14 адам түрлі жарақаттар алды.

«Тергеп-тексеру амалдарын Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары жүргізді. Олар қайғылы оқиғаға автожолды қысқы кезеңде тиісінше күтіп ұстамау себеп болғанын анықтады. Тергеу жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен орын алған ауыр салдар арасындағы тікелей себеп-салдарын дәлелдеді»,–делінген хабарламада.

Сот үкімімен «КАЖСервис» ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол пайдалану бөлімшесінің (ЖПБ-57) бастығы ҚР ҚК-нің 353-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, бұл — Қазақстанның құқық қолдану тәжірибесіндегі, автомобиль жолын қыста тиісінше күтіп ұстамау адамдардың өлімі үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болған тұңғыш қылмыстық іс.

Пікірлер