Алакөл көлінде екі гидроцикл соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тауып, бір адам түрлі дәрежеде жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Жетісу облысы ТЖД мәліметінше, оқиға 17 шілде күні көл акваториясында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, соқтығыс кешкі уақытта, судағы көріну деңгейі төмендеген кезде орын алған.
Қазір аталған дерек бойынша Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ТЖД өкілдері қолданыстағы талаптарға сәйкес навигациялық шамдармен жабдықталмаған шағын жүзу құралдарының қараңғы уақытта су айдынына шығуына қатаң тыйым салынатынын еске салды.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап өңірлік департамент шағын көлемді кемелерді пайдалануға мемлекеттік бақылау жүргізіп келеді. Шомылу маусымы басталғалы бері Алакөлде күн сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған.
Осы уақытқа дейін судағы қауіпсіздік талаптары мен шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 108 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 73-і шағын кемелерді пайдалану талаптарын бұзуға қатысты рәсімделіп, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
