Қазақстан контрафакті мен сұр импорт кесірінен миллиардтаған теңгеден айырылып жатыр

221
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RofDjlMnaFBvpmoI18sV49xhtJqjmjjB8rXeCuCY.jpg

Дүкен сөрелерінде тұрған тауардың түпнұсқа немесе қолдан жасалғанын сырт көзбен ажырату барған сайын қиындап барады. Қаптамасы бірдей, логотипі таныс, бағасы төмен болса, халық тиімді сауда жасадым деп ойлайды. 

Қазақстанның сауда желілері қауымдастығының сараптамасына сәйкес, 2025 жылы елімізде контрафактілік өнім айналымы 400–930 млрд теңге аралығында болуы мүмкін. Ең ықтимал сценарий бойынша оның көлемі 610 млрд теңгені немесе елдегі бөлшек сауда айналымының шамамен 2,3%-ын құрайды.

Контрафакттың салдары тек заңсыз саудамен шектелмейді. Сарапшылардың есебінше, соның салдарынан адал бизнес жыл сайын шамамен 300 млрд теңге көлеміндегі заңды сатылымнан қағылуы мүмкін. Ал мемлекеттік бюджеттің ықтимал шығыны 40 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл есепке контрафактілік өнімнің халық денсаулығына, жұмыспен қамтуға және өндірушілердің беделіне тигізетін жанама шығындары кірмейді. 

Заңсыз жеткізушілер салық төлемейді, өнімнің шығу тегін растайтын құжаты жоқ, тауарды дұрыс сақтау талаптарына жауап бермейді және сапасына да кепілдік бермейді.

 Сарапшылардың пікірінше, контрафакт пен сұр импортқа қарсы күресте Үкімет тек жауапкершілікті күшейтумен шектелмеуі керек. Ең алдымен мемлекеттік шекараның сыртқы учаскелерінде Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімінің (ТРОИС) үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл құқық иелерінің тауар белгілерін қорғауды күшейтіп, күмәнді өнімдерді ел аумағына кірмей тұрып анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тәуекелі жоғары тауар санаттары үшін олардың шығу тегінің заңдылығын, Қазақстанға заңды түрде әкелінгенін және нарыққа ресми енгізілгенін міндетті түрде растау тетігін енгізу ұсынылады. Мұндай талап тауар белгісінің құқық иелерімен келісімшарттары бар уәкілетті дистрибьюторлар арқылы жеткізілетін өнімдерге ғана қолданылуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, бұл көлеңкелі импорттың көлемін азайтып, адал бизнес үшін тең бәсекелестік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Базарда ғана емес дүкендерде де сатылып жатыр

Бірнеше жыл бұрын контрафакт көбіне базарлармен байланыстырылатын. Бүгінде жағдай өзгерді. Заңсыз өнімдер шағын дүкендерде де, бөлшек саудада да кездеседі. Кей жағдайда сатып алушы оны түпнұсқадан айыра алмайды. 

Сарапшылардың айтуынша, мұндай өнімдердің түпнұсқадан айырмашылығын қарапайым тұтынушының ажыратуы өте қиын дейді. Өйткені өндірушілер қаптаманы, логотипті, түстерді және дизайнды да мүмкіндігінше дәлме дәл көшіруге үйренген. Сатып алушы танымал брендтің қаптамасын көріп, оның ішінде де сол өнім бар деп ойлайды. Ал іс жүзінде ол белгісіз жерде өндірілген, сапасы тексерілмеген тауар.

Танымал брендтер де нысанаға айналған

Мәселе тек белгісіз тауарларға қатысты емес. Сарапшылардың айтуынша, контрафактілік өнімдер күнделікті тұтынатын халықаралық брендтердің атын пайдаланып келеді.

ADILET партиясы жанынан құрылған Іскерлік кеңес өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның бірнеше өңірінде Bonduelle брендімен сатылған жалған жасыл бұршақ пен жүгері анықталған. Мұндай өнімдер Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Түркістан, Ақтау, Атырау және Орал қалаларында ресми тіркелген. Кейбір өңірлерде бұл бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан тұрақты тәжірибеге айналған. 

Сарапшылар Colgate өнімдері бойынша да сұр импорт фактілері тіркелгенін айтады. Негізінен Ресейден жеткізілетін бұл өнімдердің бағасы ресми жеткізілетін тауардан екі есеге дейін арзан. Мұндай айырмашылық тұтынушыны арзан өнімді таңдауға итермелейді. Бірақ оның Қазақстан нарығына заңды жолмен келгеніне немесе дұрыс сақталғанына ешкім кепілдік бермейді.

Контрафактілік өнімдердің қатарында күнделікті тұтынатын азық-түлік те бар. Мәселен, Doshirak брендімен шығарылған тез дайындалатын кеспенің қолдан жасалған нұсқалары Шымкент, Қызылорда, Тараз, Түркістан, Шу, Қордай және Алматы қалаларында анықталған. Бұл жағдай заңсыз жеткізу арналарының кездейсоқ емес, тұрақты жұмыс істеп отырғанын көрсетеді. 

Арзан өнімнің көрінбейтін құны

Сұр импорттың басты артықшылығы баға айырмашылығында. Кей жағдайда заңсыз әкелінген өнімдер ресми импортталған тауардан 30–50 пайызға дейін арзан болады. 

Қазақстанның Сауда желілерінің өкілдері жүргізген алдын ала есеп бойынша, бір ғана өнім түрінің заңсыз айналымынан мемлекет ай сайын шамамен 1 миллиард теңгеге дейін салық түсімінен айырылуы мүмкін. Бұл тек бір өнімге қатысты есеп. Егер осындай жағдай басқа санаттарда да қайталанса, бюджет шығыны бірнеше есе ұлғаяды. Ал енді есептеңіз, қолдан жасалып немесе заңсыз кіріп жатқан мыңдаған тауар бар.

Аймақтық сауда желісінің менеджері Анар Қасымжанованың айтуынша, заңсыз жеткізушілер ешқандай салық төлемейді, өнімнің сапасын растамайды және жауапкершілік алмайды. Ал осының бәрі заң талаптарын сақтайтын кәсіпкерлерді тең емес жағдайда қалдырады.

Түпнұсқаға ұқсайды, бірақ мазмұны басқа

Контрафакт мәселесі кейде тек сыртқы ұқсастықпен шектелмейді. Қазақстан нарығында басқа елдерге арналған өнімдердің заңсыз сатылу фактілері де кездеседі.

Қазақстанның Дистрибьюторлық компания өкілдерінің айтуынша, дүкендердің бірінен анықталған Choco Pie  печеньесінің сыртқы қаптамасы түпнұсқамен бірдей болғанымен, ол құрамы бойынша Қазақстан нарығына арналған өнім емес болып шыққан. Қазақстанға ресми жеткізілетін нұсқада сиыр желатині қолданылса, заңсыз әкелінген өнімде шошқа желатині пайдаланылған. Бұл ақпаратты қарапайым тұтынушы қаптамадан оқып жүрген жоқ. Аталған печенье оригинал, бірақ Ресей нарығына арналған. Қазақстанға заңсыз кірген, демек салық та төлемеген дейді дистрибьюторлік компания өкілі Владимир Варшавский.

Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы еркін тауар айналымы да мәселені күрделендіріп отыр. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Кедендік бақылау департаменті бұл бағытта кедендік бақылаудың жүргізілмейтінін растады. Бас сарапшы Болат Мырзағалидың айтуынша, бұл 2014 жылғы Кеден одағы туралы келісімнен туындайды. Ресей мен Қырғызстаннан келетін тауарлардың арасында контрафактілік өнімдердің де өтіп кету қаупі бар. Соңғы екі жылда Мемлекеттік кірістер органдары мұндай фактілер бойынша 30 әкімшілік материал рәсімдеп, оларды сотқа жолдаған екен.

 

Пікірлер