«Qostanai Dala Festivali»: агроөнеркәсіптің жаңа жетістіктері бір алаңда

171
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0uHkAZeQ5YFYHGFdVsmjBzZWwALXm2zSqWRQPMt9.jpg

Қостанай облысында «Qostanai Dala Festivali» аясында «Jańa Dala / Green Day – 2026» халықаралық көрме-демонстрациясы өтіп жатыр. Агроөнеркәсіп кешеніндегі ең ірі салалық іс-шаралардың бірі саналатын фестивальге еліміздің әр өңірінен және шетелден келген фермерлер, агробизнес өкілдері, ғалымдар, инвесторлар, мемлекеттік органдардың басшылары мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші компаниялар қатысуда.

Фестивальдің салтанатты ашылуына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялы әрі бәсекеге қабілетті салаға айналдыруға басымдық беріп отырғанын атап өтті.

«Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде аграрлық сала соңғы үш жыл қатарынан тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қостанайдағы агрофестиваль ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге әлемдік тәжірибемен танысып, заманауи технологияларды меңгеруге және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң», – деді министр.

Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің аграрлық әлеуетіне тоқталып, биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 275 млрд теңге бөлінгенін, ал соңғы бес жылда қаржыландыру көлемі 3,6 есеге артқанын айтты. Оның сөзінше, мұндай ауқымды фестиваль алдағы уақытта Қостанайдың жаңа брендіне айналуы тиіс.

Фестиваль барысында агроөнеркәсіп кешенінің үздік қызметкерлері марапатталып, саланың дамуына үлес қосқан мамандарға «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.

«Jańa Dala / Green Day – 2026» көрмесінің басты ерекшелігі – ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологияларды тәжірибе жүзінде көрсету. Көрме алаңында заманауи тракторлар, астық жинайтын комбайндар, егіс кешендері, топырақ өңдеу техникалары, өздігінен жүретін бүріккіштер, агродрондар, дәлме-дәл егіншілікке арналған цифрлық шешімдер мен өзге де озық технологиялар таныстырылуда. Сонымен қатар селекциялық танаптар, асыл тұқымды мал көрмелері мен ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары көпшілік назарына ұсынылды.

Фестивальдің іскерлік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын цифрландыру, ветеринариялық қауіпсіздік, аграрлық ғылым және саланың даму перспективаларына арналған конференциялар, сарапшылық пікірталастар мен тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылуда. Сондай-ақ Қазақстанның солтүстік өңірлері ветеринария мамандарының II республикалық слеті өтіп, сала мамандары өзара тәжірибе бөлісуде.

Бағдарлама аясында келушілер «Қостанай облысының ең ауыр бұқасы» байқауын, «Бір ауыл – бір өнім» көрмесін, ауыл шаруашылығы дрондарының көрсетілімін, ауыл шаруашылығы техникасының демонстрациясын және «ҚазАгроҚаржы» АҚ ұйымдастырған жаңа техникаларды салтанатты табыстау рәсімін тамашалай алады.

Фестивальдің мәдени-танымдық бөлігі де мазмұнды ұйымдастырылған. Қонақтар үшін Қостанай облысының 90 жылдығына арналған этноауыл жұмыс істеп, онда өңірдің аудан-қалалары ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін таныстыруда. Сонымен қатар ұлттық спорт ойындары, қолөнер көрмелері, гастрономиялық аймақтар, Agro Fashion Week Qostanay сән көрсетілімі, Qostanay dala games спорттық бағдарламасы, туристік әлеует көрмесі, ауыл шаруашылығы мамандықтарының таныстырылымы және балаларға арналған интерактивті ойын алаңдары ұйымдастырылған.

Фестиваль алдағы күндері де өз жұмысын жалғастырады. Қатысушыларды жаңа көрмелер, іскерлік кездесулер мен мәдени бағдарламалар күтуде. Ал үш күнге созылатын ауқымды шараның қорытындысы мерекелік гала-концертпен түйінделмек. Жабылу салтанатында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көрермендерге әсерлі музыкалық шоу мен көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Осылайша, «Qostanai Dala Festivali» агроөнеркәсіп саласының заманауи жетістіктерін ғана емес, ұлттық мәдениет пен өңірдің туристік әлеуетін де дәріптейтін халықаралық деңгейдегі маңызды алаң ретінде өз мәртебесін айқындап келеді.

 

Пікірлер