Аптап ыстыққа байланысты үш ядролық реактордың жұмысы уақытша тоқтатылды

172
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1nSbEMFJZhsu5AR9ACiS1FoLMFX1FZMQwOhMq0Bh.jpg

Францияда аптап ыстық пен өзендердегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты үш ядролық реактордың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады. Мәліметке сәйкес, Chooz атом электр станциясындағы екі реактор мен Арденн өңіріндегі тағы бір реактор экологиялық талаптарға байланысты уақытша тоқтатылған. Шешім Маас және Мозель өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты қабылданған. Аталған өзендердің суы атом электр станцияларының реакторларын салқындатуға пайдаланылады.

Бұған дейін EDF компаниясы ауа температурасының жоғарылауына байланысты Bugey 3, Tricastin 4 және Saint-Alban атом электр станцияларындағы электр энергиясын өндіру көлемін де қысқартқан болатын. Францияда өндірілетін электр энергиясының шамамен 70 пайызы атом электр станцияларына тиесілі. Реакторларды салқындату үшін өзендер мен теңіз сулары пайдаланылатындықтан, ұзаққа созылған аптап ыстық пен құрғақшылық энергетикалық нысандардың жұмысына тікелей әсер етеді.

Франция мамыр айынан бері кезекті аптап ыстық кезеңін бастан өткеріп жатыр. Ел билігінің мәліметінше, биылғы маусым айы метеобақылау тарихындағы ең ыстық ай ретінде тіркелсе, шілде айындағы ыстық толқыны ең ұзаққа созылған кезеңдердің бірі болды.

Пікірлер