Иран Каспий теңізі туралы конвенцияны ратификациялауға қатысты түсініктеме берді

42
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/eeLzHf5qt4fWoF4V4yVBqBA8fTmQWf2gdXDRbCus.jpg

Иран Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау мәселесін ел парламентіне жолдады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Apa мәліметінше, Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи бұл шешімнің жақында болған соғысқа немесе оның салдарына қатысы жоқ екенін айтты.

Оның сөзінше, 2018 жылы қол қойылған құжат бірнеше жыл бойы түрлі мемлекеттік органдарда жан-жақты қаралған. Қазір үкімет пен сыртқы істер министрлігі құжатты парламент қарауына жіберуді орынды деп тапқан.

Багаи конвенция Каспий маңындағы бес мемлекеттің барлығы ратификациялағаннан кейін ғана күшіне енетінін атап өтті. Қазір Иран құжатты ратификацияламаған Каспий маңындағы соңғы мемлекет болып отыр.

Иран СІМ өкілінің айтуынша, конвенция Иранның Каспий теңізіндегі үлесін нақтыламайды. Сондай-ақ құжат теңіз аймақтарын шектеу үшін пайдаланылатын бастапқы сызықтарды анықтау мәселесін реттемейді. Багаи бұл мәселе, соның ішінде Иранның Әзербайжан және Түрікменстанмен екіжақты келіссөздері аясында бөлек талқылануы тиіс екенін айтты. 

Ал Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади Каспий теңізіндегі қауіпсіздік мәселелері тек жағалаудағы бес мемлекет арасында шешілуі тиіс екенін хабарлады.

Ол Каспий теңізі күніне арналған шарада сөйлеген сөзінде Иран мен көршілес елдер үшін Каспийдің жай ғана су айдыны емес, аймақ халықтарының тарихы, болмысы мен өзара байланысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Гарибабадидің айтуынша, теңіздің қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен болашағына негізгі жауапкершілік Каспий маңындағы мемлекеттерге тиесілі. Бұл мәселелер келісілген өңірлік тетіктер арқылы шешілуі керек.

Пікірлер