Алматы ақынымен қоштаса алмады. Бекжан Әшірбайды жерлеу рәсімі жеделдетілді

237
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xIbUpWD0LT37e0KTcJNC90bXf0gqErV4zacDNuTb.jpg

Белгілі ақын Бекжан Әшірбайды жерлеу рәсімі дүйсенбіден жексенбіге ауысты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов желідегі парақшасында жазды. 

Оның айтуынша, Бекжан Әшірбайдың туған жеріне денесін дүйсенбіні күтпей алып кету туралы шешім қабылданған. Бұған жолдың ұзақтығы мен күннің ыстығы себеп болған. Қаралы жиынды өткізу мәселесі марқұмның анасы Ұлбике және туған-туыстарымен, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасымен келісілген. Қаралы жиын Қазақстан Жазушылар одағы мен Бекжан Әшірбай қызмет еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өтуі жоспарланған еді.

Алайда туыстары марқұмды туған жеріне ертерек жеткізу туралы шешім қабылдаған.

Қасымхан Бегманов марқұм ақынмен байланысты естеліктерімен де бөлісті. Ол Бекжан Әшірбайдың шығармашылығына қатысты соңғы мақаласын жазып, оны «Астана ақшамы» газетінде жариялағанын атап өтті.

«Бекжан өзі жырға қосқан сүйікті Алматысынан мәңгіге, қайтып оралмайтын соңғы сапарына кетіп бара жатыр дегеннің өзі санама сыймайды. Қанша қимағанмен, сұм ажал өз дегенін істеп тынды.

Иә, ағайын, жаңа ғана  Бекжанды туған жеріне шығарып салдық», – деп жазды ол.

Ақынның жаназасы 16 тамыз күні сағат 11:00-де Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Мырзакент кенті, Шамов көшесі, 70-үйде өтеді.

Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі туралы Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарына, сондай-ақ Түркістан облысы мен Мақтаарал ауданының әкімдіктеріне хабарланған.

«Бақұл бол, бауырым Бекжан!» – деп жазды Қасымхан Бегманов.

Пікірлер