Қазақстан Каспийдегі мұнай-газ нысандарын қорғауды күшейтпек

355
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aH0d4Q1SCDQ934kMiHLiNyiv1D7geuKbcYy72xcX.jpg

Қазақстан Каспий теңізіндегі мұнай-газ нысандарының терроризмге қарсы қорғалуын күшейтеді. Бұл туралы Энергетика министрлігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Құжатқа сәйкес, Каспий теңізінің Қазақстан секторында жұмыс істейтін мұнай-газ компаниялары жедел штабтың сұрауы бойынша өндірістік нысандарға жақын жерден оның қызметкерлері мен техникасын орналастыруға арналған алаң ұсынуға міндетті.

Жедел штабтың қызметіне байланысты шығындарды жер қойнауын пайдаланушылар өтейді. Шығындардың тізбесі мен көлемін, сондай-ақ төлем және өтемақы тәртібін тараптар өзара келісім бойынша айқындайды.

Құжатта штаб күштерін орналастыратын орынға қойылатын талаптар да белгіленген. Алаң кемінде 10 қызметкерді орналастыруға есептеліп, тікұшақ алаңына ие болуы және теңіздегі өндірістік нысандардан 23 шақырымнан аспайтын қашықтықта орналасуы тиіс.

Бұйрық құжат жарияланған күннен кейін екі ай өткен соң, яғни 17 қазанда күшіне енеді.

Энергетика министрлігінің бұл бұйрығы Каспий теңізінде Украина тарапынан жасалған шабуылдар аясында жарияланды. Атап айтқанда, шілде айының соңында Иран кемелерінің бірі шабуылға ұшыраған еді. Украина тарапы Каспийдегі шабуылға ұшыраған кемелер әскери жүктер тасымалдағанын мәлімдеген. Тегеран бұл оқиғаны агрессия актісі деп атап, Киевтің Иранға қатысты ұстанымын қисынсыз әрі дұшпандық сипатта деп бағалаған болатын.

Бұған дейін Ресейде де осындай шаралар қабылданған. 2026 жылдың мамырында Ресей президенті Владимир Путин Каспий теңізінің Ресей секторындағы теңіздегі мұнай-газ нысандарын қорғау туралы заңға қол қойған. Құжат энергетикалық нысандардың айналасында ені 500 метрге дейінгі қауіпсіздік аймақтарын құруды көздейді.

Пікірлер