Зимбабведегі апат. Қаза тапқандар саны 97 адамға жетті

295
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tUgxPAZAFSCzhGQZqxq2QxsbLRDbDNsYR4lmRPDy.jpg

Зимбабведегі Кариба көлінде паромның аударылуы салдарынан қаза тапқандар саны 97 адамға жетті.  Бұл туралы жергілікті The Herald басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Соңғы болып бір бала мен әйел адамның мәйіті табылған. Қазір олардың денелері көл жағасындағы Андора айлағына жеткізіліп жатыр. Басылымның мәліметінше, із-түзсіз жоғалғандар қалмаған. Дегенмен, туыстары мен таныстары білмеген күйде паромда болуы мүмкін адамдарды іздеу жұмыстары жалғасатыны айтылды.

Жолаушылар паромы 12 тамыз күні шамадан тыс жүктелудің салдарынан аударылып кеткен еді. Апат кезінде 77 адам құтқарылып, көлдің ортасындағы шағын аралға жеткізілген. Ал паромның сыйымдылығы 90 жолаушыдан аспауы тиіс болған.

Кариба көлінің жартысы Зимбабве аумағында, ал екінші бөлігі Замбияда орналасқан. Көлдің ұзындығы 223 шақырымнан, ені 40 шақырымнан асады. Зимбабве парламентінің депутаты Мутса Муромбендзидің айтуынша, паром Ньяминьями ауылдық ауданынан Кариба қаласына бағыт алған. Бұл бағыттағы сапар шамамен бес сағатқа созылады.

Пікірлер