Арқалық әуежайының құрылысы аяқталды

172
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qbM2H5oTfnJ9n5vNzjbmba5Ejhf8vvC1UkVSGCZT.webp

Арқалық қаласындағы әуежайдың құрылысы аяқталды. Бұл туралы бүгін, 21 тамызда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметі 3 тамызда №8/26 сертификатын алса, 18 тамызда «Қазаэронавигация» РМК-ға аэронавигациялық қызметтерді жеткізуші ретінде №21 сертификат берілген. Ал 21 тамызда Арқалық аэродромына АРД сериялы №KZ01VKC00000389 жарамдылық сертификаты рәсімделген.

Қазіргі уақытта әуежай CRJ200 үлгісіндегі өңірлік жолаушылар ұшақтарын қабылдап, оларға қызмет көрсетуге дайын. Байқау қорытындысы бойынша әуе бағыттарының жеңімпазы «SCAT» әуе компаниясы» АҚ атанған.

Алғашқы әуе рейсін Арқалық әуежайы 22 тамызда қабылдауы жоспарланған. Ал 1 қыркүйектен бастап тұрақты рейстер орындалады.

Рейстер әр сейсенбі және сенбі күндері Алматы – Арқалық – Қостанай – Арқалық – Астана бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

«Арқалық әуежайының қайта іске қосылуы – Торғай өңірінің көлік қолжетімділігін арттырып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндік беретін маңызды қадам. Құтты болсын!»– деді облыс әкімі.

Пікірлер