Сайлауға бір күн қалғанда. Дауыс беруде нені ескеру керек?

293
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/il6IOv2uNwZBwXPn07g1xNrjiMF1pQ8aEhmYga5E.webp

23 тамызда Қазақстанда бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы парламенттік сайлау.

22 тамыз – Тыныштық күні. Бұл күні үгіт-насихат жүргізуге, кандидаттар мен партияларды қолдауға шақыратын материалдар жариялауға және әлеуметтік желіде мұндай жазбаларды репост жасауға болмайды. Бұған дейін жарияланған жазбаларды өшіру міндетті емес.

Сайлау учаскелері 23 тамызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Кейбір әскери бөлімдердегі 107 учаске сағат 06:00-де ашылады.

Өз сайлау учаскеңізді gov.kz, sailau.gov.kz, sailau2026.gov.kz сайттарынан немесе eGov Mobile қосымшасынан тексеруге болады.

Дауыс беру бюллетенінде 7 саяси партия және «Барлығына қарсымын» деген нұсқа болады. Таңдаған нұсқаңыздың жанына бір белгі қою қажет.

Толтырылған бюллетеньді суретке немесе видеоға түсіріп, жариялауға болмайды. Бұл дауыс беру құпиясын бұзу және үгіт-насихат ретінде бағалануы мүмкін.

Сайлауға 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Денсаулығына байланысты учаскеге бара алмайтын азаматтар үйде дауыс беру мүмкіндігін пайдалана алады. Ал шетелдегі қазақстандықтар елшіліктер мен консулдықтар жанындағы сайлау учаскелерінде дауыс бере алады.

Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңдегі заң бұзушылық үшін 15-тен 35 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

Пікірлер