Мар-а-Лаго, «Эйнштейн визасы» және жеке бренд. Қазақ жасының АҚШ нарығындағы алғашқы қадамы

166
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gJtHOmh17jddY6Nz9yGQf7vdrdbq7R8CjWF9UnLR.jpg

Туған жерден жыраққа кетіп, жаңа ортада өз орныңды табу – кез келген адамға оңай соқпайтын қадам. Әсіресе, әлемнің ең бәсекелі нарықтарының бірінде өз кәсібіңді қалыптастыру үлкен еңбек пен табандылықты талап етеді. Қазақстандық Анеля Әлімнің кәсіби жолы да осындай ізденіс пен талпынысқа толы.

Жамбыл облысындағы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген отандасымыз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін экономист мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдап, кейін заң саласында білім алған. Уақыт өте келе ол кәсіби жолын beauty-индустриямен байланыстырған.

2021 жылы АҚШ-қа қоныс аударған Анеля бүгінде Манхэттенде сұлулық студиясын ашып, Anelya Alim Cosmetics косметикалық брендін дамытып келеді. «Адырна» тілшісі Анеля Әліммен тілдесіп, оның Қазақстандағы алғашқы қадамдарынан бастап АҚШ-тағы кәсіби жетістіктеріне дейінгі жолын сөз етті.

«Менің бұл саладағы еңбек жолым 2013 жылы Астанада алғашқы макияж курстарын оқудан басталды. Содан бері біліктілігімді үздіксіз жетілдіріп келемін. 2014–2015 жылдары Бейжіңде сұлулық және киноиндустрия саласында білім алдым. Кейін Астанада үш сұлулық студиясын ашып, кәсіби чемпионаттарға қатыстым және сұлулық байқауларда қазылық еттім. Халықаралық тәжірибем Парижде жалғасты. Онда жұмыс істеп, Make Up For Ever Academy ортасында кәсіби шеберлігімді шыңдадым»,–дейді ол.

 «ЭЙНШТЕЙН ВИЗАСЫН» АЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Анеля 3курста оқып жүрген кезінде Wоrk and Travel бағдарламасы арқылы алғаш рет Америкаға барып, елдің мүмкіндіктері мен даму қарқынын өз көзімен көрген. Арада бірнеше жыл өткен соң, 2021 жылы ұлымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған. Кейін beauty-индустриядағы кәсіби жетістіктерінің арқасында ерекше қабілеті бар мамандарға берілетін грин-картаға ие болған. 

«Виза санаулы күннің ішінде мақұлданды. Алғашында қуанышымда шек болмады. Бірақ артынша «Енді не болады?» деген ой келді. Дегенмен, көп ұзамай күмәнімді ысырып қойып, өзіме «Өзің қалағандай өмір сүруге мүмкіндік бер», - дедім. Көп ұзамай Манхэттенде сұлулық студиясын аштым әрі америкалық Anelya Alim Cosmetics косметикалық брендінің негізін қаладым. Алғашқы топтамамды The Makeup Show көрмесінде таныстырдым. Мен үшін өз өнімімді АҚШ-тың кәсіби нарығына шығарып, әлемдік beauty-индустрия мамандарының ортасында таныстыру аса маңызды болды. Уақыт өте келе мені іс-шараларға тек визажист ретінде ғана емес, өзімнің makeup және hair-стилистерден құралған командаммен бірге шақыра бастады. Ал Anelya Alim Cosmetics түрлі іс-шаралардың beauty-серіктесі әрі демеушісі ретінде танылды»,– дейді ару.

Отандасымыздың айтуынша,  оның бренді тек косметикалық өнім шығарумен шектелмейді. 

«Anelya Alim Cosmetics – бұл жай ғана косметика емес, beauty-индустрияда мансап құруға мүмкіндік беретін жоба. Біз сәндік косметика мен бет күтімі бағытын қатар дамытып келеміз. Сондай-ақ бренд төңірегінде кәсіби қауымдастық қалыптасуда. Қызметкерлер білім алып, тәжірибе жинақтап, біздің командамен бірге іс-шараларда жұмыс істеп, косметика сату саласында дами алады. Мамандарға Нью-Йорк пен Флоридадағы сән және сұлулық іс-шараларына қатысу мүмкіндігін ұсынамыз. Мен үшін косметика, білім беру, кәсіпкерлік және кәсіби мүмкіндіктер тоғысқан экожүйе құру маңызды»,– дейді Анеля.

«МҮМКІНДІКТІ КҮТПЕЙ, КЕРІСІНШЕ ОНЫ  ЖАСАУ КЕРЕК»

Кәсіпкер Америка нарығында бәсекелестік өте жоғары екенін атап өтті.

«Мұнда тек сапалы өнім жасау жеткіліксіз. Үнемі әрекет етіп, байланыс орнатып, жеке брендіңді дамытып, мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу қажет. Америка маған бұрынғыдан да белсенді әрі ашық болуды үйретті. Сондықтан менің қағидам өте қарапайым. Ол – мүмкіндікті күтпей, керісінше оны өзің жасау. Әрине, бизнесті жүргізу қабілетінің де маңызы зор. Сату, маркетинг, серіктестік байланыстарды түсініп, брендіңді дұрыс позициялай білу қажет.

АҚШ – мен үшін үлкен өмір мектебі. Мен мұнда күн сайын жаңа нәрсе үйренемін. Америкада шахмат ойынындағыдай әрқашан сегіз қадам алға ойлап, болашақты алдын ала жоспарлай білу қажет»,– деп түсіндірді ол.

Қазақстандық ару санаулы уақыт ішінде биік белестерді бағындырып үлгерген.

«Мен үшін ең үлкен жетістіктердің бірі – Қазақстанның шағын ауылынан шыққан қыз құрған брендтің бүгінде АҚШ нарығында дамып, Нью-Йорк пен Флоридадағы ірі іс-шараларда таныстырылып жүргені. Біздің команда New York Fashion Week, Orlando Fashion Week және басқа да fashion мен beauty бағытындағы жобаларға қатысты. Қазіргі таңда Anelya Alim бренді АҚШ-та ресми түрде тауарлық белгі ретінде тіркелді»,– дейді Анеля.

МАР-А-ЛАГОДАН КЕЛГЕН КҮТПЕГЕН ШАҚЫРТУ

Кәсіпкердің АҚШ-тағы кәсіби жолында Мар-а-Лаго кешенінде өткен іс-шараның орны бөлек. Ақ үй басшысы Дональд Трамптың Палм-Бичтегі жеке резиденциясы әрі клубы саналатын бұл алаңда өткен шараға оның Anelya Alim Cosmetics бренді косметикалық демеуші ретінде қатысқан. 

«Шыны керек, іс-шара ұйымдастырушылары мені өздері тауып, Instagram арқылы ұсыныс тастады. Бұл шақырту АҚШ-та қалыптастырған кәсіби беделімнің нәтижесінде келді деп білемін.  Палм-Бичтегі бұл іс-шараға өзімнің кәсіби командаммен бірге қатыстым. Ал Anelya Alim Cosmetics шараның косметикалық демеушісі болды. Біздің брендтің өнімдері шамамен 200 VIP қонаққа таныстырылды. Қазір көптеген ұсыныс дәл осылай Instagram мен LinkedIn арқылы тікелей келіп түседі. Бұл мен үшін –  көп жылғы еңбектің нәтижесі көріне бастағанының белгісі. Яғни, уақыт өте келе сіз мүмкіндіктерді іздеуші ғана емес, мүмкіндіктердің өзіңізді іздейтін деңгейіне жетесіз»,– деді ол.

Анеля өз жолын енді бастап келе жатқан жандарға ақыл-кеңесін айтты. 

«Әрбір жаңа күн – жаңа мүмкіндік. Сенің қай жерде дүниеге келгенің маңызды емес. Ол шағын ауыл, үлкен қала болсын, ең бастысы – алдыңа қандай мақсат қойғаның және сол мақсатқа жету үшін күн сайын не істеп жатқаның. Әр күніңді бағала, көп оқы, өзіңді дамыт және мүмкіндіктерді пайдаланудан қорықпа. Бизнесте адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу, психология мен коммуникацияны түсіну, тығыз байланыс орнату және құқықтарыңды білу, өзің мен бизнесіңді заң жүзінде қорғау өте маңызды. Алайда қандай жетістікке жетсең де, ең бастысы – адамдығыңды жоғалтпа. Мейірімді әрі адал бол, өз құндылықтарыңнан айырылма және бұл жолды қайдан бастағаныңды ұмытпа»,- дейді Анеля Әлім.

Әңгімелескен Диана Асан

Пікірлер