Монреаль халықаралық әуежайында ұшақтың кері қозғалысы кезінде әуежай қызметкерін қағып, адам қаза тапты, деп хабарлайды “Адырна”.
Шетелдік БАҚ дерегінше, қайғылы оқиға 24 тамыз күні кешке Пьер Эллиот Трюдо атындағы халықаралық әуежайда болған.
Ақпаратқа сәйкес, ұшақ French Bee әуе компаниясына тиесілі. Әуе кемесі Монреальдан Парижге ұшуы тиіс болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ тұрақтан кері қозғалып жатқан кезде әуежайдың жерүсті қызметкерін қағып кеткен. Оқиға орнына шамамен сағат 19:30-да жедел жәрдем қызметтері шақырылды.
Зардап шеккен қызметкер ауруханаға жеткізілді. Полиция оның жағдайын ауыр әрі өміріне қауіп төндіретін деп бағалаған. Кейін оның алған жарақаттарынан көз жұмғаны белгілі болды.
Монреаль әуежайын басқаратын Aéroports de Montréal компаниясы қаза тапқан қызметкердің отбасы мен әріптестеріне көңіл айтты.
«Әуежай қауымдастығы мүшесінен айырылу баршамызға ауыр тиді. Осы қиын сәтте қаза тапқан қызметкердің отбасына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтамыз», – деді компанияның президенті әрі бас директоры Ив Бошамп.
Оқиғаға қатысты тергеу Канаданың жұмыспен қамту және әлеуметтік даму министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
