Орынбор астана болып, қазақ шекарасы шегенделген күн

202
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YF8567vxYjOCLen0iZXGIWFo6aVYwgXgnsuX4o6n.png

Осыдан 106 жыл бұрын, 1920 жылдың 26 тамызында Қырғыз АССР-ін құру және оның астанасы Орынбор қаласы болатын территориясын белгілеу жөнінде декрет қабылданды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

1920 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік республикасын құру жөнінде арнайы Декрет шығарды. Астанасы ретінде Орынбор қаласы бекітілді. Сейітқали Меңдешев Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің бірінші төрағасы болды.

Автономиялық республика құрамына Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездерінен тұратын Семей облысы, Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездерінен және Омбы уезінің бір бөлігінен тұратын Ақмола облысы берілді. Омбы уезінің Қазақ және Сібір бөліктерін дәл межелеуді Қазревком мен Сібіревком өзара ке­лісіп жүзеге асырады деп ескер­тілді. Республикаға, сондай-ақ Торғай (Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай уездерімен), Орал (Орал, Ілбішін, Темір, Гурьев уездерімен) облыстары, Каспий сырты (Закаспий) облысының Маңғыстау уезі, осы облыстағы Красноводск уезінің екі болыстық басқармасы, Астрахан губерниясынан Синеморская болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Теңіз жағалауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жер­лерінің аумағы берілді. Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары Қазревкомға қаратылды. Түркістан Республикасының құрамында тұрған қазақ территорияларын Қазақ Республикасы құрамына қосу сондағы халықтың ерік-жігері нәтижесінде жүзеге асырылады деп белгіленді. 1924 жылы құрамына Жетісу және Сырдария облыстары кірді.

Қазақ жерінің шекарасын біртұтас аумақ ретінде қалыптастыру оңайға түскен жоқ. ХХ ғасырдың басында бұл мәселе кеңестік билік деңгейінде қызу талқыланып, қазақ зиялылары өздері тарихи мекен еткен жерлерді бір автономия құрамына біріктіруге күш салды.

Бұл істің басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков сынды Алаш қайраткерлері тұрды. Олар қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу мәселесін саяси деңгейде көтеріп, болашақ Қазақ автономиясының аумағын нақтылауға атсалысты.

Сол кезеңде 29 жастағы Әлімхан Ермеков Мәскеуге барып, қазақ жерінің шекарасы туралы баяндама жасады. Ол Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан және Ферғана өңірлерінің қазақтар қоныстанған аумақтарын Қазақ автономиясының құрамына енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Ермеков келтірген деректер бойынша, ұсынылған аумақтың жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырымды құраған. Оның басым бөлігін қазақ халқы дәстүрлі түрде қоныстанып, пайдаланып келген. Бұл мәліметтер қазақ жерлерінің этнодемографиялық құрамын және тарихи қоныстану ерекшеліктерін көрсетуге бағытталды.

Алайда мәселе мұнымен аяқталған жоқ. Қазақ автономиясының шекарасына қатысты ұсыныстарды орталық билік алдында қорғау қажет болды. 1920 жылғы тамызда Владимир Ленин төрағалық еткен жиында Әлімхан Ермеков қазақ жерінің аумақтық тұтастығына қатысты өз ұстанымын тағы да ортаға салды.

Бұл кезеңде Сібір ревкомы да қазақтар қоныстанған солтүстік өңірлерді Қазақ автономиясына беруге қарсылық білдірді. Соған қарамастан, аумақтарды межелеу мәселесі бірнеше жыл бойы талқыланып, қазақ жерлерінің бір бөлігін бір әкімшілік құрылымға біріктіру жұмыстары жүргізілді.

1924 жылы республика астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілді. Осы кезеңде Орынбор губерниясы РКФСР құрамына берілді. Ал 1925 жылғы сәуірде патша әкімшілігі енгізген «киргиз» атауы қолданыстан алынып, халық өзінің тарихи «қазақ» атауын қайта иеленді.

Әкімшілік-аумақтық өзгерістерден кейін Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Семей және Орал облыстары кірді. Орал облысының құрамында Бөкей облысы уезд дәрежесінде болды. Сонымен қатар үкіметке тікелей бағынатын Қостанай округі мен Адай уезі және Қарақалпақ автономиясы республика құрамына енді.

Осы тарихи үдерісте Алаш қайраткерлерінің қызметі айрықша маңызға ие болды. Олар қазақ халқының саяси және аумақтық мүддесін қорғап, тарихи қоныстардың Қазақ автономиясы құрамында қалуына ықпал етті.

Қазақ АКСР-інің құрылуы мен оның аумағын белгілеу – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі. Бұл үдеріс кейін Қазақстанның қазіргі аумақтық шекараларының қалыптасуына негіз болған тарихи оқиғалардың қатарында қалды.

Пікірлер