Киев ІСАО-ға Ресей аспанында ұшу қауіпті екенін ресми түрде ескертті

154
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Xsd14DVGUmsaOrAMvilDDtaK0Tur3MPFBGHQcCse.webp

Киев халықаралық авиация органдарына Ресей аспанындағы азаматтық ұшақтар үшін қауіп-қатердің артып келе жатқанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.

2 қыркүйекте Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Киевтің Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ІСАО) Ресейдің әуе кеңістігі азаматтық рейстер үшін қауіпті екені туралы ресми түрде хабарлағанын жеткізген.

«Бұл – біздің ІСАО-ға, барлық әуе компаниясы мен үкіметтерге сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы хабарлау жөніндегі жауапты шешіміміз. Ресей өз міндетін орындап, оларды хабардар етуден бас тартса да, біз қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Біздің мақсатымыз – байқаусызда болатын оқиғалардың алдын алу», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Ресми хабарлама Украина президенті Владимир Зеленский әуе компанияларын, сақтандыру ұйымдарын және Ресейдің негізгі әуежайларын пайдаланатын бизнесті елдің әуе кеңістігі Киевтің алыс қашықтыққа ұшатын дрондармен жүргізетін операцияларын кеңейтуіне байланысты барған сайын қауіпті болып бара жатқанын ескерткеннен бір күн өткен соң жасалған.

Зеленский Украина азаматтық авиацияға қауіп төндірмейтінін атап өткен. Алайда Ресей аумағында украиналық дрондардың операциялары ауқымының ұлғаюына байланысты бұл тәуекелдерді бұдан әрі елемеуге болмайтынын ескерткен.

Reuters пен Flightradar24 мәліметінше, 2 қыркүйекте Мәскеу әуежайларында рейстер жаппай кешіктіріліп, тоқтатылған. Шереметьево әуежайында 235 рейс кешіктіріліп, 21 рейс тоқтатылған. Внуковода 94 рейс кешігіп, 22 рейс тоқтатылды.

Украинаның әуе кеңістігі 2022 жылғы 24 ақпаннан бері азаматтық авиация үшін жабық. Ал Ресейдің азаматтық авиациясы соғыс жүріп жатқанына қарамастан, жұмысын жалғастырып келеді.

Басылымның атап өтуінше, Ресейдің әуе кеңістігі арқылы халықаралық жолаушылар тасымалының едәуір бөлігі әлі де жүзеге асырылады.

Еуропалық және америкалық әуе компаниялары 2022 жылы Ресей аумағының үстімен ұшуды тоқтатқан. Ал Emirates, Turkish Airlines, Air India, Etihad және Qatar Airways секілді ірі әуе тасымалдаушылары, сондай-ақ бірнеше қытайлық әуе компаниясы Ресейге рейстер орындауды және оның аумағы арқылы транзиттік ұшуларды жалғастырып келеді.

Бұған дейін президент Владимир Зеленский Ресейдің әуе кеңістігін пайдаланатындарға ескерту жасаған еді.

Пікірлер