АҚШ федералдық соты президент Дональд Трамптың ел аумағында дүниеге келген балаларға автоматты түрде азаматтық беру құқығын шектейтін жаңа жарлығының күшіне енуін уақытша тоқтатты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Reuters-ке сілтеп.
Мэриленд штатының федералдық судьясы Дебора Бордман шешімді иммигранттардың құқықтарын қорғаушы ұйымдардың ұжымдық талап-арызы негізінде қабылдады.
Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Трамптың 2025 жылы шығарған осыған ұқсас жарлығының Конституцияның 14-түзетуіне қайшы келетінін анықтаған.
Осы шешімнен кейін Трамп 6 тамызда жаңа жарлыққа қол қойды. Құжат, негізінен, баласына АҚШ азаматтығын алу мақсатында елге босану үшін келетін шетелдік азаматтарға қатысты. Сондай-ақ шетелдік ата-аналардың кейбір санаттарына АҚШ аумағында туған балаларына азаматтық беруді шектеу көзделген. АҚШ жерінде дүниеге келге балаларға Америка азаматтығы автоматты түрде берілетіні белгілі. Мұны "топырақ құқығы" деп атайды.
Судья Дебора Бордманның пікірінше, жарлық ұжымдық талапқа кіретін балаларға қатысты қолданылған жағдайда Конституцияға қайшы болуы мүмкін. Себебі Жоғарғы сот бұған дейін АҚШ аумағында туған балалардың туған сәттен бастап азаматтық алуға құқығы бар екенін анықтаған.
Сот шешімі АҚШ Мемлекеттік департаментіне, Ішкі қауіпсіздік министрлігіне және Әлеуметтік қамсыздандыру басқармасына аталған санаттағы балалардың азаматтығын мойындаудан бас тартуға тыйым салады.
Ал АҚШ Әділет министрлігі жаңа жарлықтың бұрынғы құжатқа қарағанда аясы тар екенін айтып, соттың оны тоқтату туралы шешім қабылдауына әлі ерте деген уәж келтірді. Алайда судья жарлықтың орындалуын сот талқылауы аяқталғанға дейін тоқтату қажет деп тапты.
