Көктөбеден көкке ұшқан Советхан Ғаббасов

273
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/z0NhJwgN0fehfGm53FQWfki2YUj3XzPjdtIBWYdt.webp

13 қыркүйекте қарымды қаламгер, белгілі профессор-ғалым, Зайсан ауданының Құрметті азаматы және Махамбет сыйлығының лауреаты Советхан Ғаббасов өмірден озды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жазушының жаназасы 15 қыркүйекте шығарылды.

Ол 1939 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медициналық институтының (1965, қазіргі Қазақ ұлттық медициналық университеті – ред.) емдеу факультетін бітірген. 1971–78 жылдары Қазақтың клиникалық-эксперименттік ғылыми-зерттеу хирургия институтында, 1978–87 жылдары Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып істеді. Дәрігер-ғалым қазақ тілінде «Қан жүрісі – жүрек тынысы» (1968), «Дәрігер келгенге дейінгі көмек» (1973), «Қатерлі ісіктің алдын алуға бола ма?» (1980) кітаптарының авторы. 55 ғылыми мақала, 2 авторлық куәлігі бар. Оның  «Қыран қия», «Ана жүрегі», «Өскен ұя», «Серпер» және тағы басқа да туындылары көптің көңілінен шыққан. 

Назарларыңызға Болат Сыздықтың естелік жазбасын ұсынамыз.

Көктөбеден көкке ұшқан Советхан жезде

Алматының төрінде, тура Көктөбенің түбінде әйгілі телемұнарадан қол созым жерде тұрды.

Үйінің есігі күндіз-түні еш жабылған емес. Адамдар қақпасын сырттан ашып, есігінен, болмаса, терезесінен кіріп, қонақтап жүре беретін.

Бір жылдары үйінде бір қыз балалар тұрды. Алматыда авиациға қатысты мамандық игеріп жүр екен. 
Бұл қай туысымыз деп сұрасам, еш туыстығы жоқ. Бір құрбыларының құрбысының қызы және оның құрбысы.

Сұлу да сүйкімді балалар еді. Кейін айтады, келін қылып алып қалу керек еді деп. Оны білетін бала болмады. Жаңағы қыздарға қарындасындай қарады.

2012 жылғы маусым-шілдеде бір жарым ай үйінде кең жайылып жатып, Алатаудың ауасымен тыныстап жүріп, „Шандоз“ кітабымды бітіріп едім.

1991 жылдан бері Алматыға барған сайын төріне шығарып, дастарханның басына отырғызатын.
Ол кезде тұрған үйі қуыс-қуыс, залына дастархан жайса, жатын бөлмелерге өте алмайтынбыз. 

Сол жылдары әкесінің жамағайыны, бір аяғын кестірген көкесін үлкен жанашырлықпен аялай бақты. 
Жездеміздің үшаяқ көк мотоциклі қай уақытта болсын жүріп кетуге даяр тұратын. Қара топырағының қалыңдығы 1 метрден асатын жерде саяжайы болды. 

Әуелгі тұрған үйі әл-Фараби даңғылын созған кезде сол жоспарға кесе көлденең тұрған үйлермен бірге сүріліп кетті.

Қазақтелекомда мардымсыз жалақыға жұмыс істей жүріп, зейнетке шықты. Жетпейді деп бір айтқан емес.

Сөйтіп жүріп балаларын ер жеткізді. Жоғарғы білім алғызды. Балалары әдепті, өнерлі.

Кейін сол төрден екі қабат жеке үй салып алды. Одан соң сапяжайының аумағына салынған зәулім коттеджге көшті. Ол тарихы бар үй. Оны да өзі салып аяқтады.

Сол үйдің мәселесімен, анығында мұның саяжайы тұрған жерді заңсыз иеленіп, коттедждің қаңқасын салып тастаған адамдармен соттасты. Жаңағылардың небір арам айласына, көтензорлығына шыдап берді. Жоғарғы сотқа дейін жүгінді. Жоғарғы соттың еш бұлжымас ұйғарымын орындамайтын сотты да көрдік. Талғаттың соты сөйтті. Ақыры даукестер ұтылып, алдына кешірім сұрап келген кезде, қаншама жүгіртіп, шығынға батырғанына қарамастан, олардың сұраған ақшасын беріп, үйдің қаңқасын сатып алды. Басқа адам босла, заңсыз салған үйіңді өзің бұзып әкет деп отырса болар еді. Жоқ, бұл өйтпеді. Адамгершілік табалдырығын ақша үшін аттамады. 

Айтайын дегенім, қуыс үйде тұрып, иір сүрлеу, тар жолдардан өткенімен көңілі дархан, жаны жомарт, еңсесі биік, намысы берік азамат еді.

Семей жақтың тумасы. Әке-шешеден жастайынан жетім қалғанмен жаны бай болып өскен.

Айтпақшы, әулетінің бір ғажап тарихы бар. Ерте заманда бір аталары денесіне қанат байлап тау басынан құлдилап, аспанда қалықтап ұшқан екен. Содан жерге құлап, мертігіпті. Сонда құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады деген сөздің мәнісін енді білдім.  Қос қолыма қанат байласам да, беліме құйрық байлау есіме келмепті депті. Осыны Сәкеңнің өз аузынан естіп, бір жерге түртіп қойып едім.

Қараңыз, аэроплан жоқ заманда қазақ та қолына қанат байлап, көкте қалықтаған. Және ол аңыз емес, менің Советхан жездемнің арғы атасы.

Сәкеңнің де содан бір жұрнақ қалған болар, ылғи Алатаудың биігінен түспей жүрді. Көпшіл еді. Жан-жағы жанға толған жарқын еді.

Ғалиясы жылмен санасақ — құрдасым, аймен есептесек — әпкем. Менің Нұрқұш деген немере апамның сұлу қызы. Жәйремде туып-өсіп, Алматыға оқуға барғанда осы Сәкеңмен жарасқан.

Нұрқұш апамның өзі жасында сұлу болған. Кейінге дейін әуелетіп ән салушы еді. Шерғали жездеміз екеуі тоқсаннан асып, жүзге жақындап барып дүниеден өтті.  Советхан енесін Қапшағайға машинасымен апарып, жағалауда арқалап жүріп, суға түсіріп, демалтып әкелетін.

Айта берсе таусылмас жыр. Мүмкіндік болса әлі айта жатармын. Сол жездемнің жамбасы жерге тиді. Жаназасына, жерлеуіне бара алмадым! Бақұл бол, Жезде, иманың жолдас болсын деймін!

Ерсінің зор азамат. Таңдаған мамандығы айт. Қолы шебер. Кино саласында да өзін көрсеткен. Соңғы жылдары сырқаттанып қалған әкесін емдетем деп істемеген амалы қалмады. Адамгершілік қасиеттері ерекше.

Ернарың ол ерек тұлға. Шетел көрген. Еңбекқор. Жанар мен Айша да бір тірегің. Біз жақтан барша туған-туыс, балаларым, жандарым Сенің қадіріңді білетін. Енді сол қатынас одан сайын күшеймесе кемімес.

Пікірлер