«Egemen Qazaqstan» «етжеңді» нөмірін өмірге қайтарды

146
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Cn7NKbbMgvrFN2PgmNVkABt1LvAT5VKEkxkY7OTd.webp

Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Egemen Qazaqstan» газеті оқырман сұранысына орай арнайы нөмірді қайта шығарады, деп хабарлайды "Адырна".

24 беттен тұратын нөмір «Етжеңді» деп аталады.

«Етжеңді» бұған дейін газеттің тұрақты жобаларының бірі ретінде оқырманға ұсынылған. Жаңғырған арнайы шығарылымда танымдық, тарихи, әдеби-мәдени және әлеуметтік тақырыптар қамтылады. Негізгі мақсат – күнделікті жаңалықтардан бөлек, көлемді зерттеу мен сараптамалық материалдарды ұсыну.

Газет ұжымының мәліметінше, «Етжеңдіні» қайта шығару туралы ұсыныс өңірлердегі оқырмандармен кездесулер кезінде айтылған тілектерден кейін қолға алынған.

«Egemen Qazaqstan» газетінің шеф-редакторы Талғат Батырхан арнайы нөмірдің алғашқы бетінде жарияланған мақаласында жобаның ерекшелігіне тоқталған.

«Баспасөзге жазылуға байланысты өтетін жер-жердегі кездесулерде көпшілік тарапынан әдеби-мәдени, тарихи-танымдық сипаттағы оқылымды материалдардың отауы іспетті «Етжеңдіні» ел болып күтудеміз. Жақсы дәстүр жалғасса екен деген өтінішті әр кез еститінбіз», – деп жазды ол.

Жаңарған арнайы нөмірде қоғамдағы өзекті мәселелер мен Қазақстан тарихына қатысты зерттеулер жарияланған.

Атап айтқанда, әуе билеттерінің бағасы, лоукостерлер саясаты, Сингапур мен Вена қалаларының тұрғын үймен қамту тәжірибесі, отандық кітап нарығының экономикасы және қазақстандық мамандар әзірлеген жасанды интеллект жобалары талданған.

Сонымен қатар басылымда жазушы Төлен Әбдіктің ғылым мен зайырлылық мәселелеріне арналған философиялық мақаласы, кеңестік атом сүңгуір кемесін басқарған қазақ офицері Майдан Сәлменовтің тағдыры және ХХ ғасырдың басында Ақмолада жұмыс істеген Қосшығұловтардың шоколад фабрикасы туралы зерттеу ұсынылған.

Газет басшылығына Ержан Байтілес келгеннен кейін шығармашылық ұжым мерзімді баспасөзді заманауи талаптарға бейімдеуге басымдық беріп отыр.

Редакция өкілдерінің айтуынша, цифрлық кеңістікте қысқа ақпарат көлемі артқанымен, баспасөздің терең талдау мен сапалы сараптама ұсынатын алаң ретіндегі маңызы сақталады.

«Етжеңді» арнайы нөмірі бұдан былай айына бір рет жарық көріп тұрады.

Пікірлер