Қазақстандық спортшы Азия ойындарында жүлделі болды

254
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/V3QZy66dUaR6rbPnmPehJTInyN8ZXhJqFxeAxgD0.webp

Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақта 2026 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан Филиппин өкілі Карло Пааламмен кездесті.

Жекпе-жектің алғашқы раундында Сабырхан белсенділік танытып, қарсыласын ринг бұрышына ығыстыруға тырысты. Қазақстандық боксшы бірнеше комбинация жасап, ұпай санын арттырды. Алайда раунд қорытындысы бойынша төрешілер басымдықты Пааламға берді — 4:1.

Екінші раундта Сабырхан қарқынын бәсеңдетпей, жекпе-жекті бірінші нөмірмен жалғастырды. Ол бірнеше соққыдан тұратын комбинациялар жасап, қарсыласын арқанға қарай ығыстырды. Филиппиндік боксшы ауыр соққыларымен жауап беріп, Сабырханды тепе-теңдік жағдайында құлатқанымен, төреші нокдаун санамады. Бұл раундта төрешілердің бөлінген шешімімен Сабырхан жеңіске жетті — 3:2.

Үшінші раундта жекпе-жек қарқыны одан әрі артты. Екі боксшы да жақын қашықтықта соққы алмасуға кірісті. Паалам жекелеген соққыларға басымдық берсе, Сабырхан жылдамдық пен дәлдікке сүйенді. Раунд аяқталуына шамамен 30 секунд қалғанда қазақстандық боксшы қарсыласын бұрышқа қысып, бірнеше комбинация жасады. Алайда төрешілер бұл әрекетті жеңіске жеткілікті деп бағаламай, раундты 3:2 есебімен Пааламға берді.

Осылайша Махмұд Сабырхан Азия ойындарының қола медалін иеленді.

Пікірлер