Жетісу облысы құрылғаннан бері 26 білім беру нысаны салынып, 33 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді

103
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KgfogQxFo2Vm5XOGLgWOEWBXUBCWPOIdmcQi9DhP.jpg

Фото: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев 

Жетісу облысы құрылғаннан бері білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы уақыт аралығында 26 жаңа білім беру нысаны салынып, 33 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді, бейімделген мектептердің саны екі есеге қысқарды. Сонымен қатар педагогтерді жүйелі қолдау және мұғалім мамандығының беделін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, Мұғалімдер күніне орай өңірдің 350-ден астам педагогі марапатталды, олардың 9-ы мемлекеттік наградаларға ие болды. Педагогтерді кәсіби мерекесімен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында өткен салтанатты шарада құттықтады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Құттықтау сөзінде Бейбіт Исабаев өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қоғамды дамытуда педагогтердің айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз кеңесінде: «Адамды, оның дүниетанымын өзгерту тек нағыз тәлімгердің қолынан келеді», - деп атап өтті. Қоғамда заң мен тәртіпке, тазалық пен мәдениеттілікке негізделген жаңа этиканы қалыптастыру ісі осы маңызды миссиядан, яғни мектеп қабырғасынан басталады. Балаларымыздың білім алуы ғана емес, тәрбиесі, өмір қиындықтарына дайын болуы және адамгершілік қасиеті да сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан педагогтерді қолдау мен олардың еңбегіне лайықты жағдай жасау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі, – деген облыс әкімі білім беру инфрақұрылымын дамыту және өңір педагогтерін қолдау шараларына кеңінен тоқталды.

Өзін-өзі жетілдірудегі жетістіктерімен, шығармашылық ізденістерімен, оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін тиімді қолдануымен ерекшеленген бірқатар педагогті атап өткен өңір басшысы мұғалімдердің кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығы олардың шәкірттерінің жетістіктері мен табыстарынан көрінетінін айтты. Бұл ретте ауыл мектептері оқушыларының арасында өтетін «Мың бала» олимпиадасында 33 бала жеңімпаз атанса, 14 оқушы еліміздің үздік лицейлерінде тегін білім алуға жолдама алған. Сонымен қатар соңғы 4 жылда өңір оқушылары халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік байқауларда 73 жүлделі орынға ие болды, оның 13-і алтын, 28-і күміс және 32-сі қола медаль.

Педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, облыс педагогтерінің 85,5%-ы оқу процесінде жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы оқудан өтті. 12 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттырса, 14 мыңнан астам педагог санатына сәйкес лауазымдық жалақысына ай сайынғы үстемеақы алады. Сондай-ақ жыл сайын «Үздік педагог» байқауы ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға мемлекеттік гранттар табысталады. Сондай-ақ соңғы 4 жылда 1400 жас маманға «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен көтерме ақы, сондай-ақ 554 маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие берілді.

- Облыс құрылғаннан бері жан-жақты қолдаудың арқасында өңіріміздің 29 педагогі жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Педагог-шеберлеріміз де ерекше құрметке бөленді. Олардың барлығы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды, – деді Б. Исабаев марапаттау рәсіміне көшіп.

Осы жиында 8 педагогке жоғары мемлекеттік награлар беріліп, оларға «Құрмет» ордені, 2 «Ерен еңбегі үшін» медалі және 5 «Шапағат» медалі берілді. Тағы 5 педагог «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды. Еске салсақ, бүгін Астанада Мұғалімдер күніне орай Президенттің қатысуымен өткен салтанатты жиында Талдықорғандағы Мұхтар Арын атындағы № 24 мамандандырылған лицейінің мұғалімі Айман Жантілеуова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған еді.

Сондай-ақ өңір басшысы облыстық байқау номинацияларының жеңімпаздарын да марапаттады. Атап айтқанда, «Үздік сынып жетекшісі» аталымында Алакөл ауданы А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 8-сынып жетекшісі Мөлдір Түсіпбекова жеңімпаз атанды. «Үздік ауыл мектебі» аталымында Кербұлақ ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп үздік деп танылса, «Үздік балабақша» аталымында Көксу ауданының «Алпамыс» бөбекжай-бақшасы жеңімпаз атанды. Сарқан ауданы Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аида Арғынбаева «Жетісу ұстазы» аталымының жеңімпазы болды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.

Салтанатты шараның ресми бөлімі өңірдегі мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен дайындалған мерекелік концертке жалғасты.

- Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Ұстаздар мерекесінде мемлекеттік наградаға ие болып отырмын. Бұл жалғыз менің ғана еңбегім емес, барша ұстаздардың адал қызметінің бағаланғаны деп білемін. Мемлекет басшысы білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақты білімді әрі тәрбиелі етіп өсіруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, - деді «Құрмет» орданенің иесі, М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің директоры Гүлжанар Еспанова.  

– Ең алдымен, ұстаз еңбегіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны үшін алғыс айтқым келеді. Білім саласында жүргеніме 42 жыл болды. Бүгінгі марапат – тек менің ғана еңбегімнің нәтижесі емес, бұл – бүкіл педагогикалық ұжымымның еңбегі, әріптестерімнің қолдауы, ата-аналардың сенімі және әрине шәкірттерімнің жетістіктерінің жемісі. Барша ұстаздарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын, – деді «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Қаратал ауданы М. Горький атындағы орта мектептің мұғалімі Октябрина Ким.

Оның сөзін тағы бір әріптесі жалғады:

– Менің жұмысым жан-жақты, білімді әрі озық ойлы жас ұрпақты тәрбиелеу екенін мақтан тұтамын. Мұғалім мамандығының қызығы да осында. Барлық бастамаларымызға қолдау көрсетіп келе жатқан мемлекетімізге алғыс айтамын. Түрлі байқауларға қатысып, өзімізді әр қырымыздан көрсетуге мүмкіндік көп. Біз әртүрліміз, бірақ барлығымыз ортақ іске қызмет етіп келеміз. Мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер! – деді Текелі қаласындағы №4 орта мектептің «Шебер» санатындағы мұғалімі Наталья Банецкая.  

Атап өтсек, қазіргі таңда Жетісу облысында 19 мың педагог еңбек етеді. Биылғы оқу жылында Рудничный және Сұптай ауылдарында жаңа мектептер іске қосылды. Ал Республика күні қарсаңында Көксай ауылында жаңа мектеп пен Талдықорған қаласында «Білім-инновация» лицейінің жаңа ғимараты есігін айқара ашады. Сонымен қатар Қаратал ауданының Үштөбе қаласында, сондай-ақ қайтарылған активтер есебінен Көксу ауданының Балпық би ауылында әрқайсысы 600 орынға арналған мектептер салынуда. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін өңір мектептері физика, химия және биология пәндеріне арналған 240 заманауи кабинетпен жабдықталады.

 

Пікірлер