Ерлан Қарин Джеки Чанмен кино саласындағы ынтымақтастықты талқылады

312
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uZ4QBOvNJUqlFUioSTL4EN7IhNi84bXQKeis3TE0.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша вице-президент Ерлан Қарин халықаралық киножобаның түсірілім тобы мүшелерімен кездесті. Кездесуге әлемге әйгілі режиссер әрі киноактер Джеки Чан, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты. Бұл туралы 6 қазанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Кездесу барысында кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері, сондай-ақ бірлескен киножобаларды одан әрі жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланған.

Ерлан Қарин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамытуға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін паш ету үшін жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өткен.

Вице-президент ірі халықаралық киножобалардың Қазақстанда түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына, жергілікті мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін шыңдауға және халықаралық киноөндіріс үшін елімізді әлеуетті алаң ретінде танытуға ықпал ететінін жеткізген.

Кездесуде кино саласындағы жаңа технологияларды дамыту бағытына да ерекше назар аударылған. Ерлан Қарин мемлекет басшысының шешімімен жарияланған биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылында елордада Astana AI Film Festival өткенін айтты. Оған әлемнің 125 елінен 8 мың өтінім келіп түскен. Қатысушылардың ауқымы мен географиясы жағынан бұл фестиваль АІ-киноға арналған әлемдегі ең ірі іс-шара ретінде танылған.

Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген айрықша ықыласы үшін алғыс айтып, жобаға қатысушылардың алдағы шығармашылық жұмысына табыс тіледі.

Пікірлер