Мұңсыз мекен гүлстан екен. Ғайыптың Хафизы – үміттің жыршысы

100
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MjK9BVbsiJOsEjx7jmR8xAbBjjkUccFQDo6lzQPH.webp

Шығыс әдебиетінің жаухары Хафиз шығармашылығы туралы шағын лепесте ақын жырларының ерекшелігі айтылады.   

Бүгін, 11 қазан – адамзат руханиятының шыңы, парсы поэзиясының “күні” мен “құпия тілі” атанған Иранның танымал ақыны Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширазидің туған күні. Батыс пен Шығысты қатар таңғалдырып, Гётенің өзіне «Батыс-Шығыс диуанын» жаздырған, Пушкин мен Есенинді шығыс әлеміне басқаша көзбен қарап шығыстың құпиясын тануға шақырған Хафиз феномені біздің Орталық Азия аймағы үшін, оның ішінде қазақ даласы үшін де жат емес. 

Егер сіз Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры мен Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорына бас сұқсаңыз, немесе Ташкент, Самарқанд,  Бұхара, Ыстамбұл, Кабул, Лакхнау, Канпур, Дели, Лахор, Қазан және Уфаның қолжазбалар қорына бара қалсаңыз, алдыңыздан ең көп шығатын, мұқабасы қолдан түптеліп, жиектеріне шәкірттердің қолымен түсіндірмелер жазылған, қолдан қолға өтсе де әлі де жақсы сақталған бір қолжазба кітапты көресіз. Ол – «Диуани Хафиз», Хафиз жинағы. Орталық Азия медреселерінде, тіпті қазақ даласындағы медреселерде парсы тілі азды-көпті оқытылатын болған. Парсы тілін үйренуші шәкірттердің тілі жаттықсын деп Хафиз бен Бидил сынды ақындардың өлеңдері  оқытылған. 

Хафиз поэзиясының өзегі – шындық пен еркіндік. Оның жырларындағы басты концепция – рухани еркіндік, ішкі тазалық. Ақын өз заманындағы діни фанатизмге, сыртқы формаға ғана табынған екіжүзділікке (зоһд пен рияға) қарсы шықты. Ол сырты сопы, іші сойқан сопыларды (хирқа жамылғандарды) аямай сынап, бетпердесін сыпырды. Хафиздің жолдауы — адамның сыртқы бейнесінің тақуалығында емес, ішкі әлемінің махаббатқа және сұлулыққа толы болуында. Хафиз: «Егер сенің жүрегіңде махаббат оты жанбаса, шынайы пәк сұлулық болмаса мешітте отырсаң да, шіркеуде отырсаң да бос әурешілік», - деп жырлады.

Бұл жолдау әлем халқының жанына майдай жақты деуге болады. Ірі мәдени орталықтардан Хафиз диуандарының көптеп табылуы – жергілікті халықтың уақыт пен кеңістіктен тыс жатқан осы «Шынайылық үндеуін» іздегендігінің белгісі болса керек.

Хафиз Ширази туралы айтқанда Иранда ең көп сатылатын кітап Хафиздың жинағы екенін айта кеткен жөн. Хафиздың диуанымен ғасырлар бойы ирандықтар сырласып, ақылдасып, бал ашып өзіне жұбаныш іздеумен келеді. Бұның құпиясы неде деген сұраққа жауап іздесек, оның құпиясы өте қарапайым. Хафиз Ширазидің диуанымен бал ашу (парсыша «Фал-е Хафиз») дәстүрі – жай ғана сәуегейлік емес, Шығыс мәдениетінің ең терең, тылсым рухани құбылыстарының бірі.

Хафиздың ғазалын патша да, уәзір де, сопы да, қарапайым шәкірт те оқып сырласатын болған және бүгінгі таңда осы дәстүр ешбір өзгеріссіз жалғасуда. 

Бұл феноменнің сырын, оның қарапайым халықтың жүрегінен қалай орын алғанын және бүкіл адамзатты қалай жұбата алатынын психологиялық және рухани астармен түсіндіруге болатын шығар. 

Ең алдымен Хафиз ғазалдары туралы білу керек жайт: Хафиз жырларының қатпары қалың. Уайым басқан, қайғы жұтқан жан жарасы бар адам оқыса, үміт пен жұбаныш табады. Күмәнда жүрген адам немесе сауда-саттықта жүрген адам оқыса, өмірдің өтпелілігі мен тәуекел етудің мәнін түсінеді. Өйткені әрбір адамның алдында кем дегенді екі түрлі таңдау болады. Соның біреуін тәуекел етіп таңдап уақыт өте келе дұрыс таңдау жасағанына қуанады. Қысқасы, Хафиз сөзді сондай шеберлікпен өреді, оның ғазалынан әрбір адам өз деңгейіне, өз мұңына, өз сұранысына сай жауап табады. Ол ешқашан үкім кеспейді, ешкімді сөкпейді, тек жол сілтейді және ақыл-кеңесін береді.

Хафизды философ деп те атап жатады. Әрине, ол философия заңдылықтарын зерттеп, категорияларға бөлген философ емес. Бірақ оның ғазалдарында философтардың ойымен үндесетін ұғымдар бар. Хафиз философиясының тірегі – үміт. Ол ең ауыр, күрделі ғазалдарының өзінде соңында бір сәуле қалдырады. Оның ең танымал, бүкіл Шығысты жұбатқан мына бір бәйтін мысалға келтіруге болады:

Жоғалған Жүсіп үйіне келер, қайғырма,
Мұң басқан мекен гүлстан болар, қайғырма.

Бұл жай ғана өлең жолы емес, бұл – үміт терапиясы. Қынғанға оралар дегендегі Жүсіп – әйгіліЖүсіп пайғамбар. Оның бір кездері бауырларының қателігінен жоғалып, бірнеше жылдан соң аман-есен Мысыр елінен табылуы көзі соқыр болып қалған ата-анасының көз-жанарын қайтарып, қаншама адамға қуаныш сыйласа, сенің де өміріңде бір күні осындай үлкен қуаныш болады деген үміттің бар екенін жырлайды. Хафиз адамға «Сенің басыңдағы бұл түн мәңгілік емес, таң атады, гүл бүр жарады» дегенді айтады. Оның үндеуінің басты күші де осы – қайғыны әдемілікке, мұңды махаббатқа айналдыра білуінде. 

Хафиз ғазалдары – сырты жылтыр, іші бос сөз емес, адам баласы басынан кешетін барлық эмоционалдық күйлердің (сағыныш, айрылысу, үрей, үмітсіздік және шексіз бақыт) кодталған құпиясы мол сандық немесе теңдесі жоқ  қазына. Кітапты ашқан сәтте қарапайым оқырман 14-ғасырда Ширазда өмір сүрген ақынның дәл өзінің бүгінгі мұңын дөп басып айтқанына таңғалады. Хафиз поэзиясы ешкімді бөліп-жармайды. Ол патшаны да, диуананы да, ғашықты да, тақуаны да, ғалымды да, жасты да кәріні де бірдей тыңдап, бірдей жұбата алады.

Хафиздің басты құпиясы – қайғының өзін махаббаттың бір бөлшегі ретінде қабылдауды үйрете алғандығында. Оның «қайғырма» (ғам махор) деген әрбір үндеуі ғасырлар бойы Хафиздың үні жеткен аймақтағы соғыстар мен нәубеттерді, тағдыр тауқыметін көрген халықтардың жүрегіне жылылық ұялатты. 

Ғалия Қамбарбекова

Шығыстанушы 

 

 

Пікірлер