Түркия «Түркі кубогын» ұйымдастыру бастамасын көтерді

62
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/4qPhMvbWsK98lJMnnigJuXRcDKxwnybPBjfIkwFX.png

Фото: ЖИ көмегін жасалды

Түркия түркі мемлекеттерінің қатысуымен халықаралық футбол турнирін өткізуді ұсынды. «Түркі кубогы» деп аталатын жарысты екі жылда бір рет ұйымдастыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Yeniakit-ке сілтеме жасап.

Бастаманы Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен қарым-қатынасқа жауапты Күршад Зорлу көтерді. Ол бұл ұсынысын Түркияның Кожаэли қаласында өткен Түркі әлемі жастарының кездесуінде айтқан.

Зорлудың сөзінше, турнирді ұйымдастыру мәселесін Түркия футбол федерациясы мен Жастар және спорт министрлігі бірлесіп пысықтауы қажет. Жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де түркі мемлекеттерінің ұлттық құрамалары қатысуы мүмкін.

Бастаманың негізгі мақсаты – мемлекеттер арасындағы спорттық байланысты нығайту, жас таланттарды анықтау және олардың кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік жасау. Әзірге турнирдің нақты мерзімі, өткізу форматы мен қатысушы елдердің түпкілікті тізімі белгіленген жоқ.

Сонымен қатар Күршад Зорлу Түркияда өнер көрсететін түркі мемлекеттерінің футболшыларына қатысты ережелерді өзгертуді ұсынды. Оның бастамасына сәйкес, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан ойыншыларына ерекше мәртебе беріліп, олар легионерлер қатарына жатқызылмауы мүмкін.

Қазіргі уақытта Қазақстан футболшылары Түркия клубтарында шетелдік ойыншыларға арналған лимит аясында өнер көрсетеді.

Егер ұсыныс мақұлданса, қазақстандық футболшыларға қойылатын шектеулер жеңілдетілуі немесе олар легионерлер лимитінен босатылуы ықтимал. Бұл Түркия клубтарының қазақстандық ойыншыларға деген қызығушылығын арттыруы мүмкін.

Алайда Түркия футбол федерациясы әзірге бұл мәселеге қатысты ресми шешім қабылдаған жоқ. Ережелердің нақты талаптары мен бастамаға қатысатын мемлекеттердің тізімі әлі де талқылануы тиіс.

Пікірлер