Еңбек министрі отбасының табысын жариялады

99
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/swHlVo9MZIvElKbudMUsBHnz2ZQFPOUtiO70Ifhb.webp

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстандағы отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалауға арналған онлайн-калькуляторды таныстырды. Министр өзінің табысы мен отбасы туралы мәліметтерді енгізіп, қай санатқа жататынын тексерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеп.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, ол 49 жаста, ай сайынғы жалақысы – 1,2 миллион теңге. Жұбайы жұмыс істемейді, отбасында төрт бала бар.

Министрдің Астана қаласында ауданы 100 және 60 шаршы метр болатын екі пәтері бар. Сонымен қатар, ол 2013 жылғы Toyota Camry 50 автокөлігін мінеді. Отбасында жеке бизнес те, жер учаскелері де жоқ.

Министрдің 29 жастағы үлкен ұлы айына 600 мың теңге табыс тапса, 23 жастағы ортаншы ұлының айлық кірісі – 400 мың теңге. Сондай-ақ отбасында 13 жастағы қызы мен төрт жасар кенже ұлы бар.

Онлайн-калькуляторға енгізілген деректер бойынша, министрдің отбасы B санатына жатқызылды. Бұл санаттағы отбасылар әлеуметтік төлемдердің басым бөлігін алуға үміткер бола алмайды.

«Соңғы рет төртінші баламыз дүниеге келгенде жәрдемақы алдық. Бұл 2022 жылы болған еді. Содан бері ешқандай жәрдемақы алмаймыз. Егер қазір қандай да бір жәрдемақы алып жүрген болсам, одан бас тартуға дайын болар едім», – деді Асқарбек Ертаев.

Айта кетсек, Қазақстанда әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бес санатқа – A, B, C, D және E топтарына бөлу жоспарланып отыр. Отбасының қай санатқа жататыны мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі отбасы құрамы мен табысына қатысты мәліметтер негізінде анықталады. Бұл ретте Отбасының цифрлық картасының деректері де қолданылады.

Пікірлер