Бостандыққа санаулы сәт қалғанда. Атбасар түрмесінде ер адам қайтыс болды

165
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/69bu9tgSWmCtytTJ1UbLB1UsXp3aMBBYcMa0h82f.webp

Ақмола облысының Атбасар қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Марқұмның туыстары оның қазасына байланысты ресми нұсқаға күмән келтіріп, істі жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.

Қазан айында бостандыққа шығуы тиіс болған ер адамның қайтыс болғаны туралы туыстарына 9 қазанда хабарланған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сотталған азамат өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқамен келіспейді.

Марқұмның Қарақат есімді әпкесі Қазақстанның Бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігіне бейнеүндеу жолдаған. Оның айтуынша, ағасы бостандыққа шығатын күнін күтіп, алдағы өміріне жоспар құрған. Сондай-ақ ол жазасын өтеу кезінде тәртіп бұзбағанын айтып, өлімінің мән-жайын толық анықтауды сұраған.

«2026 жылғы 9 қазанда отбасымыз қаралы хабар алды. Атбасардағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан ағамның қайтыс болғанын хабарлады. Оның өзіне қол жұмсағанын айтты. Бірақ ағам өмір сүргісі келетін, болашаққа жоспары бар адам еді. Мен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен көмек сұраймын. Бейнебақылау камераларындағы барлық жазбаны көрсетуді талап етемін», – деді марқұмның әпкесі.

Туыстары бұған дейін марқұмның денесінде мекеме әкімшілігін айыптайтын жазу болғанын да мәлімдеген. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, оқиға орнын тексеру барысында марқұмның денесінен дене жарақаттары анықталмаған. Ведомство өкілдері сотталған азаматтың өлер алдында жазба қалдырғаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды.

«Сотталған азаматтың өлер алдында жазба қалдырғаны туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Оқиға орнын тексеру кезінде мұндай жазба табылған жоқ», – деп хабарлады комитет.

Оқиға орнынан бейнебақылау камераларының жазбалары алынған. Қазір тергеушілер ер адамның өліміне әкелген жағдайларды анықтап жатыр. Комитет тергеу барысы бақылауда екенін хабарлады.

Пікірлер