Боқаев ісі: қайықтарды жалға беретін шағын фирма ұлттық компания шараларының негізгі мердігеріне қалай айналды?

196
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KTqewQye59krTZw9u5l5xRcnxyn1ZNZ1DRTxgqOl.jpg

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты іс бойынша өткен сот отырысында «BM Trust» ЖШС-нің алғашқы басшысы әрі негізін қалаушы Жанболат Маратов жауап берді.

Тергеу нұсқасы бойынша, кәсіподақтың халықаралық автошеруді ұйымдастыруға бөлген негізгі қаражаты дәл осы компания арқылы өткен. Куәгер берген айғақтардың арқасында мердігер компанияның тарихына қатысты күтпеген жайттар мәлім болды.

Маратовтың айтуынша, бастапқыда «BM Trust» ЖШС-нің ивент-индустрияға да, ірі корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыруға да еш қатысы болмаған. Ол компанияны азаматтарға катамарандарды жалға беру үшін құрған.

Жағдай 2017 жылы өзгерген. Ол кезде Санжар Боқаев «ҚазТрансГаз» құрылымында жұмыс істеп жүрген. Куәгердің мәлімдеуінше, ол өз компаниясын іс жүзінде айыпталушыға сатқанымен, мәміле заң жүзінде басқа адамның атына рәсімделген.

«Боқаев «BM Trust» компаниясын Мадиярдың атына рәсімдеу керектігін айтты», – деді Маратов оның жиені Мадияр Қалменовті меңзей отырып.

Осылайша, катамарандарды жалға берумен айналысқан шағын фирма қызмет бағытын өзгертіп, ұлттық компания жобаларын жүзеге асыру бойынша негізгі мердігерлердің біріне айналған.

Жауап алу барысында мәмілелердің қалай рәсімделгеніне қатысты тағы бір маңызды жайт анықталды. Куәгердің айтуынша, «BM Trust» пен тапсырыс берушілер арасында автошеруді ұйымдастыруға қатысты келісімшартқа «ҚазТрансГаз» ғимаратындағы Санжар Боқаевтың қызметтік кабинетінде қол қойылған.

Атап айтқанда, Маратовтың сөзінше, дәл осы кабинетте автошеруді ұйымдастыруға қатысты құжаттардан бөлек, жаңа жылдық корпоративтік кеш өткізу жөніндегі шарт та жасалған.

Бұл дерек бұрын жауап берген куәгерлердің экс-кеңесшінің мердігерлерді таңдауды және жобалардың құжаттамалық рәсімделуін жеке өзі бақылағаны туралы айғақтарын кезекті рет растап отыр.

Жария болған деректер Санжар Боқаевтың адвокаттары тарапынан қызу қарсылық туғызды. Маратов жауап беріп жатқан кезде қорғау тарапы куәгерді тоқтатуға әрекет жасады. Алайда сотқа төрағалық еткен судья куәгердің айғақ беруіне кедергі келтіруге бағытталған әрекеттердің жолын кесті.

Уәждері таусылған адвокаттар процессулдық тұрғыда амалсыз саналатын шараға барып, сот отырысының дәл өзінде судьяға қарсылық білдірді. Алайда судьяға қарсылық білдіру туралы өтініш қанағаттандырылмады.

Пікірлер