Вэнс АҚШ-тағы сайлау нәтижесіне Иранға қарсы соғыс әсер еткенін айтты

180
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sIOq56qujFAA6XBuquadmlF1I1VBJWAjemF5pRUq.jpg

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Республикалық партияның аралық сайлаудағы ірі жеңілісіне қатысты пікір білдіріп, бұған Иранмен соғыстың себеп болғанын мәлімдеді. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Біздің жеңілісімізге себеп болған – соғыс. Неліктен жеңілгенімізді бәрі біледі. Алдағы уақытта қандай бағыт ұстану керектігі туралы кез келген ашық әңгіме осы мәселеден басталуы тиіс», – деп жазды ол.

Дональд Трамп та сайлаудан кейінгі түні республикашылдардың жеңілісіне өзі ақпан айында бастаған Иранмен соғыстың белгілі бір деңгейде әсер еткенін мойындады.

Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, бұл соғыс АҚШ қоғамы арасында шынымен де қолдау таппай отыр. Әсіресе әскери қақтығыс салдарынан бензин, дизель отыны және күнделікті тұтынатын басқа да тауарлардың бағасы қымбаттаған.

Сайлау күні дауыс беру учаскелерінен шыққан азаматтар арасында жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 63 пайызы әскери операцияларды бастау туралы шешімді қате деп санаған. Ал респонденттердің төрттен үш бөлігі, яғни 74 пайызы, соғыс кімге дауыс беру туралы шешім қабылдауда маңызды фактор болғанын айтқан.

Джей Ди Вэнс өз жазбасында республикашылдардың жеңілісіне әсер еткен өзге де себептерді атады. Оның пікірінше, олардың қатарында АҚШ әкімшілігінің Израильмен қарым-қатынасы да бар. Сондай-ақ ол америкалықтардың Трамптың көші-қон саясатына көңілі толмайтынына да тоқталды. Вэнс бұл саясатты өзгерту мәселесін талқылауға дайын екенін айтып, заңсыз мигранттарды жұмысқа алатын компанияларға басымдық беріп, соларға қатысты шараларды күшейтуді ұсынды.

Бұған дейін америкалық бұқаралық ақпарат құралдарында Вэнстің Иранмен соғысты аса қолдай қоймайтыны туралы ақпараттар жарияланған еді. Сонымен қатар ол Иранмен жүргізілген келіссөздерге белсенді қатысқан. Алайда вице-президент пен оның өкілдері көпшілік алдындағы мәлімдемелерінде президенттің ұстанымына қайшы келмеуге тырысатынын үнемі атап өткен.

Джей Ди Вэнс 2028 жылғы президент сайлауында Республикалық партия атынан түсуі мүмкін үміткерлердің бірі саналады. «The New York Times» пен Siena College бірлесіп 12–19 қазан аралығында жүргізген сауалнамада Республикалық партияның праймеризіне қатысуға ниетті азаматтардан кімге дауыс беретіні сұралған. Респонденттердің басым бөлігі, яғни 36 пайызы, Джей Ди Вэнсті қолдайтынын айтқан. Екінші орында қазіргі АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио тұр.

Пікірлер