Қазақстандық QazVac вакцинасы ДДҰ тіркеуінен өтпеді

292
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/A0FvAwxYRKhtDWXbwSia0BrZ6XwuMqazd5HBAZgs.jpg

Фото: primeminister.kz

Қазақстанда әзірленген QazVac коронавирусына қарсы вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) тіркеуінен өтпеді. Ол оның әзірленуі мен арнайы зауыт салуға қомақты қаржы жұмсалғанына қарамастан орын алған. Бұл туралы Hola News жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Басылымның жазуынша, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова енді QazVac вакцинасын халықаралық деңгейде тіркеудің орынсыз екенін мәлімдеген.

Пандемия кезінде вакцинаны 300 мыңнан астам қазақстандық қабылдаған. Препаратты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мамандары әзірледі. Оны жасауға 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінсе, Жамбыл облысында зауыт салуға шамамен 7 миллиард теңге жұмсалған.

Жарияланған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, вакцинаның тиімділігі 82 пайыз болған. Алайда препарат халықаралық тіркеуден өте алмады. 2023–2024 жылдары ДДҰ вакцинаны тіркеу үшін қосымша талаптар қойған.

Қазақстан дәрілік заттарды реттеу жүйесінің жетілу деңгейі бойынша ДДҰ-ның үшінші деңгейіне тек 2026 жылдың сәуірінде қол жеткізді.

Hola News мәліметінше, Денсаулық сақтау министрі қазіргі жағдайда QazVac вакцинасын тіркеу тиімсіз екенін айтқан.

Оның орнына Қазақстан ДДҰ жүйесіндегі ең жоғары, төртінші жетілу деңгейіне қол жеткізу үшін зертханалық кешен салуды жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау көзделген.

Пікірлер