Алматы ғалымдары Қазақстан Президентінің Жолдауында айқындалған басымдықтарды талқылады

169
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/FKOMMhO4tBACyAcAqCPJ1yIFyBiFkxKnhuxlGpxX.jpg

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған кездесу өткізді. Кездесудің тақырыбы – «Жолдаудың басымдықтары: ұлттық мемлекеттілік және құқықтық сана».

Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері және QyzPU Студенттік Құрылтайының мүшелері қатысты.

Кездесу барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбітгүл Кәрімова Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру академиялық қауымдастық пен мемлекеттік институттардың күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті. Ол ұлттық мемлекеттіліктің тарихи негіздерін зерттеу, заң үстемдігін нығайту және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Президент Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, цифрлық экономиканы қалыптастыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар басым міндеттер айқындалған.

Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, аграрлық секторға жасанды интеллект технологияларын енгізуге және су ресурстарын ұтымды пайдалануға ерекше назар аударылды.

Президент білім беру саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге және олардың шамадан тыс жүктемесін азайтуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Жолдауда шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру, салық заңнамасына өзгерістер әзірлеу, жаңа Азаматтық кодексті қабылдау және мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға атаулы түрде көрсету мәселелері қозғалды.

Жолдауда белгіленген міндеттерді талқылау барысында Ұлттық ғылым академиясының, ғылыми-зерттеу институттарының, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен ғалымдар ұлттық мемлекеттілік, Құрылтай институтының тарихи маңызы, заң үстемдігі және қоғамдық диалог мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу аясында мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев пен түркітанушы ғалым Зарипбай Оразбайдың авторлығымен жарық көрген «Құрылтай феномені» кітабының таныстырылымы өтті.

Сондай-ақ заңгер, PhD докторы Бақытжан Сапаровтың «Конституция сақшылары» атты танымдық комиксі көпшілік назарына ұсынылды.

Пікірлер