Сурет: ЖИ
Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияр ҰҚК төрағасы болған Ермек Сағымбаевтың не себепті қызметінен босатылғанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оның сөзінше, мемлекет басшысының шешіміне арнайы қызметті реформалау міндеттерін тиімді орындау үшін басшылық құрамда кадрлық өзгерістер енгізу қажеттігі негіз болған.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.
Жалпы «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді»,– деп жазды Смадияр.
Сондай-ақ ол бүгін мемлекет басшысының Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізгенін атап өтті.
«Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды.
Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды»,– деп толықтырды баспасөз хатшысы.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасының ауысқанын жазған едік.
