Моцарт әлемі қазақ сахнасында: жас өнерпаздардың ерекше туындысы

124
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/r6eliWN5XOGhoPki1YIRHKUjR5rkxF04X554PrzE.jpg

Астанада ұлы композитор Вольфганг Амадей Моцарттың 270 жылдығына арналған «Моцарт» музыкалық-философиялық қойылымы сахналанды. Ақтөбе облысы Мәртөк ауылындағы Қамбар Медетов атындағы балалар өнер мектебі жанындағы ЮНЕСКО клубының «Актерлік өнер» сыныбы ұсынған туынды классикалық музыка мен ұлттық мәдениетті, тарихи мұра мен заманауи театр өнерін бір арнаға тоғыстырды.

Қойылымның басты ерекшелігі – композитордың өмір жолын баяндаумен шектелмей, көрерменді адамгершілік құндылықтар туралы ойландыруы. Сахналық көріністер арқылы отбасы тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, үлкенге құрмет, достыққа адалдық, мейірімділік пен жауапкершілік тақырыптары қозғалады.

Әсіресе, бала Вольфганг пен әкесі Леопольд Моцарттың қарым-қатынасы ерекше көрініс тапқан. Әкесінің баласының бойындағы қабілетті ерте байқап, оның өнер-білімге ұмтылуына жағдай жасауы отбасы қолдауының маңызын айқындайды. Ал Моцарттың шығармашылық жолындағы адалдығы мен қиын сәттерде оған қолдау көрсеткен жандардың бейнесі ізгілік пен жанашырлықтың мәнін ашады.

Спектакльдегі есте қаларлық көріністердің бірі – сахнаға шыққан мысықпен байланысты эпизод. Өнер көрсетіп жатқан бала Моцарттың жануарға деген мейірімін танытуы арқылы қойылым авторлары әрбір тіршілік иесіне қамқорлықпен қарау идеясын жеткізеді.

Туындының тағы бір ерекшелігі – батыс классикалық музыкасы мен қазақтың дәстүрлі өнерін сабақтастыруы. Моцарт шығармаларының әуені домбыра үнімен үндесіп, көрерменге ерекше музыкалық әсер сыйлайды. Бұл көркем шешім ұлттық аспаптың қадірін танытып қана қоймай, әлемдік және ұлттық мәдениеттің өзара үйлесімін көрсетеді.

Спектакльдің көрермендері қатарында Қазақстанның халық әртісі Алмахан Нұрпейісқызы Кенжебекова да болды. Өнер иесінің қойылымды арнайы келіп тамашалауы жас өнерпаздар үшін ерекше құрмет әрі шығармашылық шабыт сыйлаған сәт болды.

Қойылымның мазмұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Адал азамат» тұжырымдамасымен де үндеседі. Еңбекқорлық, адалдық, отбасылық тәрбие, достық пен өзара көмек секілді құндылықтар жас көрерменге театр тілімен жеткізіледі.

Сонымен қатар, премьераның 16 қараша – Дүниежүзілік толеранттылық күнімен тұспа-тұс келуі де ерекше мәнге ие. ЮНЕСКО құндылықтарымен сабақтас қойылым өнердің ұлт пен тілге бөлінбейтін ортақ тіл екенін, мәдениеттер арасындағы диалог пен өзара түсіністіктің маңызын айшықтайды.

Айта кетейік, «Моцарт» қойылымы бұған дейін Халықаралық «Сәлем, Астана» байқауында Гран-при иеленіп, республикалық «Адал азамат» балалар мен жасөспірімдер театр өнері фестивалінде бірінші орын алған.

Жас өнерпаздардың сахналауындағы бұл туынды – әлемдік классикаға тағзым ете отырып, ұлттық өнерді ұлықтайтын, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталған шығармашылық жұмыс.

Пікірлер