Жапон көрген жас ғалым Токиодан Желтоқсан жайлы дерек тапты

844
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/76rNVxe0tnrtfCEzPMVNUzuN8nyGIrpScvLOEwj8.png

Жапонияда зерттеу жүргізген Олжас Қуанбай 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты Жапония сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан бірқатар құжат тапты.

Жапон самурайларының тарихына бала күнінен қызыққан Олжас Қуанбай — бүгінде Жапонияда ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген қазақстандық ғалым. Жапонтанушы-тарихшының ізденістері тек күншығыс елінің тарихымен шектелмейді.

Абай облысы Үржар ауданының тумасы 37 жастағы Олжас қазір Токио шет тілдері университетінің (TUFS) Халықаралық қатынастар зерттеу институтында академиялық ассистент қызметін атқарады. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, докторлық дәрежесін Түркияның Анкара университетінде қорғаған.

ЖАПОНИЯ АРХИВІНДЕГІ ЖЕЛТОҚСАН

Олжас Қуанбай шетелдік архивтерден Қазақстан тарихына қатысты тың деректерді іздестіруді де қолға алған. Соның бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты Жапония сыртқы істер министрлігінің архивінен табылған дипломатиялық құжаттар мен жеделхаттар.

«Жапония сыртқы істер министрлігінің сыртқы істер мұрағатынан табылған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты жеделхаттар мен құжаттар бұл тарихи оқиғаға мүлде жаңа, бейтарап сыртқы бақылаушының көзімен қарауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мәскеу бұл оқиғаны «жергілікті ұлтшылдық көрінісі» немесе «бұзақылық» ретінде көрсетуге тырысқанымен, Жапония сияқты алыс шетелдің дипломаттары оны сол сәтте-ақ «жаппай тәртіпсіздіктер» деп бағалап, «басым тәртіппен өңдеу» белгісімен Токиоға шұғыл хабарлаған,» - дейді ғалым.

Оның айтуынша, жапон дипломаттары Алматыдағы оқиғаны жай ғана кадрлық ауыс-түйіс емес, Михаил Горбачев бастаған «Қайта құру» саясаты мен ұлттық республикалар арасындағы терең қайшылықтың көрінісі ретінде қарастырған.

«Құжаттарда 1950 жылдардың соңындағы дағдарыстармен салыстырулар кездесуі шетелдік сарапшылардың Қазақстандағы әлеуметтік-саяси процестерді терең тамырынан зерттеп отырғанын көрсетеді»,- дейді ол.

Ғалымның пікірінше, бұл құжаттардың отандық тарихнама үшін маңызы ерекше.

«Кеңестік КГБ мен Орталық комитеттің көптеген архиві әлі де жабық немесе біржақты сипатта. Ал Жапония сыртқы істер министрлігінің құпиясыздандырылған дипломатиялық жеделхаттары оқиғаның хронологиясын, Мәскеудің ресми риторикасындағы өзгерістерді және халықаралық реакцияны қалпына келтіруге мүмкіндік береді»,– деп түсіндірді зерттеуші.

Ғалым Қазақстан тарихын толыққанды зерттеу үшін тек отандық архивтермен шектелуге болмайтынын жеткізді. Айтуынша, шетелдік қорларда сақталған дипломатиялық құжаттар, хаттар мен есептер тарихи оқиғалардың бізге беймәлім қырларын ашуы мүмкін.

«САМУРАЙ» БОЛУДЫ АРМАНДАҒАН БАЛА

Олжас Қуанбай Жапонияға қызығушылығы ерте басталғанын айтады.

«Сонау 1997 жылдардан бері жапон елінің тарихы мен мәдениетіне қатты қызықтым. Әлемге танымал шығыстанушылар жайлы ақпараттар оқып, мен де осындай кітаптарда атым қалар қазақтан шыққан танымал шығыстанушы болсам деп армандадым. Жапон тілін ең алғаш жапон орталығынан бастадым.

Кейіннен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп қабырғасында жүріп «Жапон тілі мен қазақ тілінің септік жалғауларының ұқсастықтары мен айырмашылықтары» атты еліміздегі алғашқы ғылыми жобаны жазып, грант иегері атандым»,- дейді ол.
 
Олжас Қуанбайдың Жапонияға деген қызығушылығының қалыптасуына туған әпкесі Бибігүл Қуанбаеваның да ықпалы болған.

«Әпкем сол кезде 100 долларға жапонша сөздік сатып алып, маған тарту еткен еді. Беліме таяқ қыстырып алып, «Мен нәзікжанды самураймын!» деп ойнап жүріп, балалық арманым ғылымға жетеледі. Бала кезімнен батырлық жырларды жаттап өстім. 1997 жылы республикалық «Балақай» радио фестивалінің лауреаты атандым. Жапон самурайлары мен өзім жаттап алған қазақ батырларының образдарын салыстырып, іштей ұқсастықтар тапқандай болып, қиялданып жүретінмін», - деп еске алады ол.

ЕКІ ДОКТОРАНТ, БІР АРМАН

Ғалымның айтуынша, ғылым жолындағы ең күрделі кезеңдердің бірі Түркиядағы докторантура жылдары болған. 2019 жылы жұбайы Балсан Мәді мен небәрі 24 күндік қызын алып, Анкараға аттанған зерттеуші төрт жыл бойы Денизлі мен Анкара қалаларында өмір сүрген. Бұл кезеңде ерлі-зайыптылардың екеуі де докторантурада оқып, ғылыми жұмыстары мен отбасылық міндеттерін қатар алып жүруге тырысқан.

Қазіргі таңда зерттеушінің жары Памуккале университетінде түркология бағыты бойынша PhD докторантурасында білім алып жатыр.

«Анкара мен Денизліде тұрған уақытта Балсан түрік жазушысы Хатидже Кюбра Тонгардың «Айқайламайтын аналар» кітабын түрік тілінен аударды. Ал мен сол кітапты редакцияладым. Қазір бұл еңбек қалың оқырманға жол тартты. Жас аналар бала тәрбиесінде қажетіне жаратып жүр», - дейді ол.

Айтуынша, сол кезең оңай болған жоқ.

«Аязды күндері жұбайым қызымызды бесік-арбаға салып, сыртқа алып шығып, арасында диссертациясын, кітап аудармасын және ғылыми мақалаларын жазатын. Ал мен таң атқанға дейін диссертацияммен айналысатынмын. Осылайша күндеріміз өтіп жатты. Екеуміз де бір-біріміздің ғылыми ізденісімізді түсініп, қолдауға тырыстық», - деп еске алады Олжас Қуанбай.

Ғалымның айтуынша, ғылыми ізденіс бір күнде нәтиже бермейді. Ол ұзақ уақытты, табандылықты және үздіксіз еңбекті қажет етеді.

«2021 жылы «Жапонша-қазақша сөздік» құрастыруды бастадым. Бұл еңбекті әлі де жалғастырып келемін. Сөздік құрастыру өте үлкен әрі ұзақ қажырлы еңбекті талап етеді. Әр сөзді зерттеп, мағынасын нақтылап, баламасын дұрыс беру керек. Мұндай жұмысқа көп уақыт пен төзім қажет. Сонымен қатар Жапония тарихына арналған ғылыми еңбегімді дайындадым. Қазір де бірнеше бағытта зерттеулер жүргізіп жатырмын»,- дейді ол.



Бүгінде Олжас Қуанбайдың негізгі ғылыми зерттеу бағыты – Жапонияның Мэйдзи дәуірі. Әсіресе Бакумацу кезеңінен бастап Мэйдзи мемлекетінің алғашқы қалыптасу жылдарына дейінгі тарихи үдерістер зерттеушінің қызығушылығын тудырады. Бұл – Жапонияның дәстүрлі басқару жүйесінен жаңа мемлекеттік құрылымға өту кезеңі.

«Мені жалпы жапон тарихының кез келген дәуірі қызықтырады. Өзімнің зерттеу алаңым болған Мэйдзи дәуірінде Бакумацудан Мэйдзи мемлекетінің алғашқы құрылу жылдары қызықтырақ. Яғни жапон мемлекеті қалай қалыптасты, оған кімдер ықпал етті деген мәселелер – жапон тарихындағы өте маңызды кезең», - дейді ғалым.

Ол зерттеу нәтижелерін халықаралық академиялық ортаға таныстыруды да маңызды санайды. Осы бағытта оның ғылыми еңбегі жапон тілінде жарық көруге дайындалып жатыр.

ЖАПОННЫҢ ЗЕРТТЕУІ ҚАЙДА? ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ ҚАЙДА?

Жапонияда еңбек етіп жүрген зерттеуші екі елдің ғылыми жүйесін салыстыра отырып, басты айырмашылық қаржыландыру көлемі мен көздерінде, сондай-ақ ғылымды ұйымдастыру тетіктерінде екенін айтады.

Мәселен, Жапонияның ішкі істер және коммуникациялар министрлігі статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы елдегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған қаражат 23,79 триллион (шамамен 66 466 881 000 000 ₸ немесе149 565 438 794 $) иенге жеткен. Оның 17,43 триллион (шамамен 48,70 триллион ₸ немесе 109,58 млрд $) иенасы бизнес секторына тиесілі. Яғни ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражаттың басым бөлігін жеке кәсіпорындар қамтамасыз етеді.

«Жапония мен Қазақстан ғылымының басты айырмашылығы қаржының көлемі мен кімнен келетінінде және жүйенің қалыптасқан құрылымында деп ойлаймын. Жапонияда ғылымның шамамен төрттен үш бөлігі кәсіпорындардың қаржысына сүйенеді. Toyota, Sony, Honda, Hitachi секілді ірі компаниялар ғылыми зерттеулерге қаражат бөліп, олардың нәтижелерін өндірісте қолдануға мүдделі», - дейді Олжас Қуанбай.

Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы жылдары өсе бастады. Мәселен, 2024 жылы ғылыми зерттеулерге бюджеттен 177,3 миллиард теңге бөлінген. Ал 2025 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көлемі шамамен 549 миллион долларды құраған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары. Дегенмен, ғалымның пікірінше, қаржы көлемінің артуымен қатар, ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріспен байланыстыру, жас зерттеушілерді қолдау және ғылымның қоғамдағы беделін көтеру мәселелері де назардан тыс қалмауы керек.

Жапонияның ғылыми жүйесінің тағы бір ерекшелігі – ұзақ мерзімді жоспарлау. Елде ғылым мен технологияны дамытуға арналған бес жылдық негізгі жоспарлар қабылданып отырады. Алайда қалыптасқан жүйеге қарамастан, Жапония да кадр тапшылығы мен докторанттар санының азаюы секілді мәселелерге тап болып отыр.

Олжас Қуанбай Қазақстандағы жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайына ерекше алаңдайды. Оның айтуынша, ғылыми дәрежесі бар мамандардың еңбекақысы басқа салалармен салыстырғанда төмен болуы ғылымның дамуына кері әсер етуі мүмкін.

«Мысалы, Астана мен Алматыдағы автопарктерде тәжірибелі жүргізушілердің жалақысы 600–750 мың теңге аралығында болады. Көптеген мейрамхана мен дәмханаларда даяшыларға бір ауысым үшін 15–30 мың теңге ұсынылады. Әлеуметтік желіде жас докторанттардың «PhD алғаннан кейін айлығы 180 мың теңге болатын ғылымға барамын ба?» деген жазбаларын көргенде жүрегің ауырады», - дейді ол.

Ғалым халықаралық ғылыми ортада бәсекеге қабілетті болу үшін тек білімнің жеткіліксіз екенін де атап өтті.

«Әр халықтың өз ерекшелігі бар. Ең бастысы – жауапкершілігі мол, тиянақты жан болу. Шетелде болған соң бірнеше шет тілін жетік білу керек. Табанды түрде көп еңбек етуге шыдамды болу қажет», - деп түсіндірді ол.

«АҒЫЛШЫНША АУДАРАТЫН БАҒДАРЛАМА, БАСПА ЖҮЙЕСІ ЖОҚ»

Зерттеуші қазақ тарихын әлемге таныту мәселесіне келгенде, ең алдымен, отандық гуманитарлық ғылымның халықаралық ғылыми кеңістіктегі жарияланымдарына назар аудару қажет деп есептейді.

«Менің ойымша, гуманитарлық ғылымның жарияланымы өте аз. InCites деректеріне сүйенген Bizmedia.kz шолуында келтірілген мәлімет бойынша, 2024 жылы Қазақстан Web of Science базасында жаратылыстану ғылымдары бойынша 1 872 мақала жариялап, әлемде 66-орында тұрған. Әлеуметтік ғылымдар бойынша 332 мақала жарияланып, 72-орынға орналасқан. Ал гуманитарлық ғылымдар мен өнер бойынша небәрі 94 мақала жарық көрген. 94-ті жалпы 3 176 жарияланымға бөлсек, гуманитарлық ғылымдардың үлесі шамамен 3 пайызды құрайды. Бұл жағдай Қазақстан тарихының халықаралық журналдарда әлі де үні шықпай жатқанын көрсетеді», – дейді ол.

Олжас Қуанбай халықаралық академиялық кеңістікке шығудағы негізгі кедергілердің бірі ретінде шет тілін меңгеру мен ғылыми еңбектерді жариялау мәселесін атайды. Оның пікірінше, Қазақстанда сапалы зерттеулер болғанымен, оларды шетелдік оқырманға жеткізетін тұрақты жүйе қалыптаспаған.

«Кезекті мәселе – шет тілін білу және жариялау кедергісі деп ойлаймын. Қазақстан тарихнамасын зерттеген Назира Әбдінасыр мен Светлана Ковальская 2025 жылғы наурызда Turkic Studies Journal басылымында жариялаған еңбегінде АҚШ, Канада, Италия және Жапонияның белгілі тарихшыларымен сұхбат жүргізіп, CESS пен ESCAS ұйымдарының рөлін ерекше атаған. Мысалы Адиб Халидтің Орталық Азия тарихы туралы кітабы ағылшынтілді оқырманға арналып жазылған. Кейін оның қазақша аудармасы Назарбаев университетінде және Алматыдағы Ғылым академиясында таныстырылды.

Бұл – жақсы бастама. Бірақ ол ғылыми ақпараттың ағыны сыртқа емес, ішке қарай жүріп жатқанын көрсетеді. Қазақстандық авторлардың еңбектерін ағылшын тіліне аударатын тұрақты бағдарлама мен баспа жүйесі байқалмайды. Бәлкім, біз көрмей жүрген шығармыз», - дейді зерттеуші.
 
Ол халықаралық ғылыми ортада қазақстандық ғалымдардың белсенділігін арттыру үшін бірнеше нақты бағытты ұсынады.

«Біріншіден, аударма мен редакторлық қолдау қоры қажет. Қазақ және орыс тіліндегі сапалы еңбектерді ағылшын тіліне аудару, ағылшын тілінде жазылған мақалаларға кәсіби редакторлық қолдау көрсету және жариялау төлемдерін жабу маңызды. Бұл бағытта жүйелі бағдарлама болуы керек. Екіншіден, бірлескен авторлық пен халықаралық платформалар қажет. CESS және ESCAS конференцияларына тұрақты қатысып, шетелдік тарихшылармен ортақ жобалар жасау керек. Бұл – халықаралық аудиторияға жетудің ең тікелей жолдарының бірі. Үшіншіден, бірыңғай архив порталы өте маңызды. Архивтік құжаттардың іздеу метадеректерін ағылшын тілінде де ашу қажет. Ішкі жүйені бірыңғай ету шетелдік зерттеушілерге де үлкен жеңілдік береді. Төртіншіден, гуманитарлық ғылымға бөлек бағалау критерийі қажет. Тек Web of Science Q1 журналдарындағы мақалаларға емес, халықаралық университет баспаларындағы монографиялар мен тарихи журналдарда жарияланған еңбектерге де мән берілуі керек», - дейді Олжас Қуанбай.

«АРХИВКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ӨЗБЕКСТАННАН ЖЕҢІЛІРЕК»

Ғалым архивтік деректердің қолжетімділігіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда архивтерді цифрландыру бағытында белгілі бір жұмыстар атқарылғанымен, зерттеушілерге қажет құжаттарды іздеу мен пайдалану жүйесін әлі де жетілдіру қажет.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілі Қуаныш  Қабдуштың CESS-2026 конференциясына жолдаған мақаласында 2021 жылы «Е-Архив» жүйесіне 223 мемлекеттік архив пен 800-ден астам жергілікті орган қосылғаны айтылады. Бірақ бірыңғай толыққанды іздеу платформасы әлі құрылмаған. Сондықтан архивтер өз сайттары мен деректер базасын жеке жасауға мәжбүр. Florin мен Gagarina-ның 2025 жылы Central Asian Survey журналында жарияланған зерттеуінде де институционалдық асимметрия, өңіраралық байланыстың шектеулілігі және Ресей мен Батыс академиялық шеңберлеріне тәуелділік мәселелері аталады.

Дегенмен, жақсы тұстар да бар. CAPS Unlock подкастында шетелдік зерттеушілер Қазақстан архивтеріне қол жеткізу Өзбекстанмен салыстырғанда салыстырмалы түрде оңай екенін айтады. Бірақ құжаттарды алу үшін ұзақ күтуге және елшілік қағаздарын ұсынуға тура келеді», - дейді ол.

Зерттеушінің пікірінше, архивтерді цифрландыру тек құжаттарды электронды форматқа көшірумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – оларды іздеуге, зерттеуге және халықаралық ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік беретін қолайлы жүйе қалыптастыру.

«ОТАНДЫҚ ИНСТИТУТТАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЗОР»

Олжас Қуанбай қазақ тарихын халықаралық деңгейде танытуда отандық ғылыми мекемелердің жұмысын да жоғары бағалайды. Әсіресе Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының еңбегін ерекше атап өтті.

«Қазақстандық зерттеушілердің өз бастамаларын күшейту ең ұтымды жол деп есептеймін. Мысалы, Назарбаев университетінің профессорлары «New Narratives and Old Myths: History Textbooks in Kazakhstan» мақаласын халықаралық аудиторияға арнап жариялады. Осындай жұмыстар, сондай-ақ Қазақстан мен өңір тарихы және мәдениетіне арналған Qalam мультимедиялық жобасы сияқты танымал платформалар ағылшын тілінде де жүргізілсе, оқырман аясы кеңейеді. Одан бөлек, цифрлық тарих қауымдастығын дамыту керек деп ойлаймын. Қазақ тарихын әлемге танытуда Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының еңбегі орасан зор. Институттың халықаралық байланыстарында атқарылып жатқан жұмыстардың ішінде 2020 жылы Лондонда «Selected Works of Chokan Valikhanov» атты Шоқан Уәлиханов еңбектерінің жинағы ағылшын тілінде жарық көрді. Құжаттарды жинауға ұжыммен бірге өзім де атсалыстым», - дейді ғалым.

Айтуынша, институттың жетекшілігімен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты ауқымды жеті томдық академиялық басылым дайындалып жатыр.

«Бұл жұмысқа көптеген шетелдік ғалым тартылды. Осы және басқа да көптеген жетістігі бар Қазақстан тарихы ғылымының қарашаңырағы халықаралық байланыстарда алда келе жатқан ғылыми-зерттеу институттарының бірі деп ойлаймын», - дейді Олжас Қуанбай.

Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер