Микрофонын қайтаруға тырысқан операторға – айыппұл. Цех жабылды

402
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LwyISqblj5d1G3DnX2zIq5yqDbWWXdCI3nT0VzYQ.webp

Фото: 7 АРНА

Астанада тұрғындардың шағымы мен журналистік зерттеуден кейін самса өндіретін цехқа санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүргізілді, деп хабарлайды “Адырна”. 

Тексеру барысында бірқатар санитариялық талаптың сақталмағаны анықталды. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті айтты.

Тексерушілер кәсіпорынның қызметін бастағаны туралы міндетті хабарлама жолдамай жұмыс істегенін де анықтаған. Сонымен қатар қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтпегені белгілі болды.

19 қарашада жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша цехтың жұмысына тыйым салынып, қызметкерлер уақытша жұмыстан шеттетілді. Кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл салынды. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Айыппұл мөлшері 600 мың теңгеден асуы мүмкін.

Цехтағы антисанитариялық жағдай түсірілген видео кәсіпкердің өзі әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін кеңінен тараған. Кәсіпкердің айтуынша, мұнда дайындалған самса күн сайын елорданың шамамен 300 дүкеніне жеткізіліп отырған.

Оқиғаға дейін «Жетінші арна» түсірілім тобы кәсіпорынға барған кезде кәсіпкер журналистермен жанжалдасып, журналист қолындағы микрофонын тартып алып, камераны сындыруға оқталған. Кейін жанжалға қатысушылар полиция бөліміне жеткізілген.

Осы оқиға бойынша кәсіпкерге де 86,5 мың теңгеден айыппұл салынған.

Осы көлемде микрофонды қайтарып алуға тырысқан телеоператор да айыппұл арқалады. Олардың әрекеті өзге адамның тыныштығын бұзу ретінде бағаланған.

Пікірлер