Көп қабатты үйден шыққан өрттен үш адамды құтқарып, ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімі елордадағы Есіл ауданындағы көшелердің біріне беріледі. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Астана ономастикалық комиссиясының отырысында Есіл ауданында (Үркер ТМ) орналасқан Е-583 көшесінде адамдарды құтқарған және өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін беру туралы шешім қабылданды. Батыр есімін өзі қызмет еткен №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне беру, мекеме алдына бюст орнату ұсынылды. Сонымен қатар естелік суретін шаһардағы А.Пушкин көшесінде орналасқан «Құтқарушылар саябағындағы» ақпараттық тақтаға орналастыру туралы шешім қабылданды»,—деді ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушы Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған болатын.