Сенат Асламбек Мерғалиевті ҚР Жоғарғы сотының жаңа төрағасы ретінде сайлады. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады.
"Мен, Мерғалиев Асламбек Амангелдіұлы, өз міндеттерімді адал және абыройлы атқаруға, сот төрелігін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағынып жүзеге асыруға, судья ретіндегі борышым міндтеттегендей бейтарап және әділ болуға салтанатты түрде ант етемін", - деді Асламбек Мерғалиев.
Асламбек Мерғалиев бұған дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған.
Асламбек Мерғалиев 1972 жылы 2 сәуірде Павлодар облысында дүниеге келген. Білімі - жоғары, заңгер. Стамбул мемлекеттік университетін бітірген.
"Асланбек Мерғалиев ҚР Жоғарғы сот төрағасы болыпты. Жақып Асановтың заманында сот саласы былық-шылық пен шудан бір арылмай-ақ қойып еді. Енді қара қылды қақ жаратын қазылар болады деп сенейік", - деп жазды қоғам белсендісі Диас Нұрақын.
"Адырна" ұлттық порталы