Тараз қаласында теміржолшылар бас көтерді. Анығын айтқанда, "Қамқор Локомотив" компаниясының қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Олар бар болғаны 70 мың мен 120 мың теңгеге аралығындағы жалақыға күн көріп отыр. Тұрмыстың табы қысқан теміржолшылардың айтар уәжі көп. Бұл жайында "Адырна"ұлттық порталы "Qaz365.kz"-ке сілтеме көрсете отырып хабарлайды.
Қазақстандағы ең ірі "Қамқор Локомотив" құрал-жабдықтар жөндеу кәсіпорнының 200-ге жуық қызметкері бүгін таңертең ереуілге шықты. Олардың алып отырған жалақылары мүлде мардымсыз. Басшылықтан еңбек өтіуін ескеріп, жалақыны көтеруді талап етті. Қызметкерлер қойған талаптарды орындалмайынша жұмысқа шықпайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, қазіргі жалақы бар болғаны 70 мыңнан 120 мың теңгеге дейінгі аралықта.
«Жігіттер! «Қамқор локоматив» тек қана біздің Таразда ғана емес, оның филалдары бүкіл Қазақстада бар. Осында жұмыс істеген жігіттер бригада құрып, қазір Петропавлда жұмыс істеп жүр. Барып келу билеті мен жататын орны және тамағын ДЕПО төлейді. Сондай-ақ олардың жалақылары 350-400 мың теңге аралығында. Біздің солардан қай жеріміз кем, жігіттер! Біздің айтып отырғанымыз жалақыны көтеру. Мәселен мен 5 разрядты слесар ретінде айына 380 мы емес, 350 мың теңге алайыншы мен мына жерде қонып тұрып жұмыс істеймін. Екі апта бұрын Шуға барғанда жұмысшылардан «айлықтарың қанша?» деп сұрадым. Үшінші разрядтың баласы «Айлығым 330 мың теңге», ал 5 разрядтың баласы «380-400 мың теңге» деп жауап берді», - деді жиында сөз сөйлеген азамат.
Сонымен қатар, жұмысшылар кәсіпорын ішінде жұмыс ақысын бірнеше есе арттыруды сұрап, өз ойларын ортаға салды. Ереуілшілердің айтуынша, жұмысшылардың жалақысы басқа кәсіпорындар мен филиалдардағы әріптестерімен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ, олар өздері жұмыс істеу үшін кейбір техниканы сатып алатын көрінеді.
Әзірге жұмысшылар қойған талапқа екінші тараптан қандай да бір жауап жоқ.
''Адырна" ұлттық порталы