Алматының қақ ортасында көп қабатты үйден өрт шығып, 50 адам эвакуацияланды

1574
Adyrna.kz Telegram

 Алматының қақ ортасында орналасқан көп қабатты үйлердің бірінен өрт шығып, нәтижесінде 50 адам эвакуацияланды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова мәлімдеді деп жазады NUR.KZ.

Баспасөз хатшысының мәліметінше, өрт Медеу ауданына қарасты Гоголь көшесінің бойындағы үйден шыққан.

Төтенше жағдайдың орын алғаны туралы хабарлама "101" қызметіне сағат 13:38-де келіп түсті.

Өрт сөндірушілер хабарлама түскен соң, алты минутта оқиға орнында болды.

Өрт сөндіру барысында екінші қабаттың балконында киімдердің жанғаны анықталды. Жалын пәтерге ене бастаған.

Өрт сөндірушілер 50 адамды эвакуациялады. Олардың ішінде сегізі кішкентай балалар болып шықты.

Сағат екіде өрт толығымен сөндірілді.

Өрт шамамен 25 шаршы метр аумақты қамтыды. Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.

Оқиға куәгерлері өртеніп жатқан үйді видеоға түсіріп, желіге жүктеп жіберген.

Пікірлер