Түбі бір түркілер

5229
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда аты әлемге әйгілі ғұлама ғалымдарды, қоғам мен өнер қайраткерлерін берген түркі жұртының өзіндік тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен болмыс – бітімінің ерекшелігіне қызығушылық артып отыр. Атаулы тарихи-этнографиялық анықтамада түркi халықтары мен ұлыстарына этнографиялық сипаттама берiледi. Түркi тектес халықты аталуы, мекендейтiн елдерi, таралған территориясы, жиынтық саны, антропологиялық кескiн-келбетi, тарихы, тiлi мен диалектiлерi, әдебиетi мен музыкасы, дiни наным-сенiмi, этногенезi мен этникалық тарихы, шаруашылығы, дәстүрлi тұрмыс-тiршiлiгi, ұлттық тағамдары, әлеуметтiк құрылымы, туыстық қарым–қатынасы, ұлттық мәдениетi, рухани байлығының өзiндiк өрнегi, ұрпақ тәрбиелеу үрдiсi, әдет-ғұрпы, ұлттық бiтiм-болмысы мен спорт түрлері, қазiргi әлеуметтiк-экономикалық, саяси жағдайы төңiрегiнде мәлiмет беруді көздеп отырмыз.

Түркi тiлдi әлем сөз болғанда, кең  байтақ алып Еуразия құрлығының көп бөлiгiн мекендейтiн бауырлас халықтар көз алдымызға келедi. Бұлар – түркi тiлдес алты тәуелсiз мемлекет: Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан республикалары. Мұның сыртында Ресей Федерациясы, Иран, Қытай сияқты iргелi елдердiң әрқайсында 13 миллионнан 17 миллионға дейiн түркi тiлдес бауырларымыз мекендейдi. Миллиондаған қандастарымыз Ауғанстан, Болгария, Ирак, Югославия, Монғолия, Кипр, Греция сияқты елдерде тұрып жатыр. Түркi тiлдес ағайындар Кiшi Азия мен Солтүстiк Африкада, Латын Америкасы мен Аустралияда, Еуропа елдерiнде мекендейдi. Бiр сөзбен айтқанда, түркi тiлдес ұлт пен ұлыстар төрткүл дүниенiң түкпiр–түкпiрiне тарап кеткен.

Дүниежүзi бойынша түркi тiлдес халықтардың бүгiнгi таңдағы жиынтық саны 200 миллиондай. ТМД елдеріндегі олардың саны 85 миллиондай. Бұл халықтардың толық тiзiмi 40-қа жетедi деп жүрмiз. Олардың арасында саны 10 миллионнан асатын ең көп санды бес халыққа түрiк, өзбек, әзірбайжан, қазақ пен ұйғырлар жатады. Олардан кейiнгi жалпы халықтық саны бiр миллионнан он миллионға дейiнгiлерге татар, түрiкмен, қырғыз, чуваш, башқұрттар жатады. Кейбiр түркi ұлыстарының дәл санын анықтап айту қиын. Алыс шетелдегілерден ең көп сандысы – түрік, әзірбайжан, ұйғыр халықтары. Демограф ғалымдардың түркі тілдес халықтардың 2009 жылға қарасты «Ана тілі» газетінің 30 мамырдағы санында мынадай статистикалық мәліметін келтіріпті:

1. Түріктер 75,0 млн.                     24. Қарапапахтар – 160 мың     

2. Өзбектер – 29,0 млн.                  25. Балқарлар – 140 мың

3. Әзірбайжандар – 26,3 млн.       26. Ноғайлар – 130 мың

4. Қазақтар – 15,3 млн.                  27. Хақастар – 125 мың

5. Ұйғырлар – 10,9 млн.                28. Саларлар – 120 мың

6. Татарлар – 8,2 млн.                  29. Алтайлықтар – 110 мың

7. Түрікмендер – 7,7 млн.             30. Ұрымдар – 90 мың

8. Қырғыздар – 4,6 млн.               31. Хаджарлар – 60 мың

9. Чуваштар –  2,3 млн.                 32. Ұрянхайлар – 40 мың

10. Башқұрттар – 2,0 млн             33. Қарадагтар – 39 мың

11. Қырым татары – 890 мың       34. Шорлар – 20 мың

12. Қашқайлар – 885 мың             35. Сарыұйғырлар – 18 мың

13. Қызылбастар – 700 мың         36. Долғандар – 11 мың

14. Қарақалпақтар – 660 мың       37. Хотандар – 6 мың

15. Құмықтар – 560 мың               38. Қарайымдар – 4 мың

16.Саха- якуттар – 460 мың          39. Қырымшақтар – 2 мың        

17. Афшарлар – 430 мың              40. Лобнорлықтар – 2 мың

18. Шахсебендер – 410 мың          41. Топалар – 1 мың   

19. Тувалар – 300 мың                  42. Шұлымдар – 1мың            

20. Месхеттер – 280 мың

21. Гагауздар – 380 мың

22. Қарашайлар – 280 мың

23. Қыпырлықтар – 180 мың 

«Этнос» сөзі халық деген ұғымды бiлдiредi. Этностың басты үш тарихи түрi бар. Алғашқы қауым тұсындағы тайпалық одақ дами келе, белгілі бір халыққа айналды. Халық дами келе тiлдiк, территориялық бiрлiкке, әлеуметтiк, экономикалық тығыз байланысқа негiзделген этностың ең жоғары түрi ұлттарды қалыптастырды. Ұлттың маңызды айырықша белгiсi этникалық сана-сезiмi мен тiлiнiң ортақтығымен, мақсат–мүддесiнiң бiрлiгiмен анықталады. Халықтың толассыз қоныс аударуы бiр ұлысқа жатып келген этностың әр түрлi ұлтқа айналуына итермеледi.

Халық санының сол тiлде сөйлеушiлер санымен бiрдей бола бермейтiнi белгiлi. Өйткенi этникалық бiрлiк пен тiл бiрлiгi дегеннiң әрдайым сәйкес келе бермеуi мүмкiн. Түркi халқының басым көпшiлiгi, Анатолия түрiктерiн қоспағанда, қос тiлдiлер, үш тiлде бiрдей сөйлейтiнi де аз емес. Бiр тiлден екiншi бiр тiлге ауысып отырудың басты себебiне қоғамдық-әлеуметтiк жағдайдың әсерiнен қоршаған тiлдiк ортаның өзгеруi жатады. Өзiнiң автономиялық дербестігі, әкімшілік аумағы жоқ аз санды халықтардың тiлiн, этникалық кескiн-келбетi мен дербестiгiн жоғалтып алу қаупi-мұның бiр айғағындай. Мәселен, территориясының 40–60%-ын басқа халықтар, соның iшiнде миллиондаған түркi ұлты мен ұлыстары мекендегенiне қарамастан, ҚХР, Иран, Ауғанстан сияқты елдер өздерiн федеративтi мемлекетке жатқызбай отыр. Аз санды ұлыстың көп санды халық арасында шашырай қоныстанып, ассимиляцияның қарқынды түрде жүруi – этникалық бiрiгудiң бiр жолы. Табиғи ассимиляцияға аралас отырған халықтардың нәсiлдiк, тiлдiк, мәдени, рухани жақындығы, дәстүрлi кәсiбiнiң ортақтығы, қоныстану ерекшелiгi, әлеуметтiк-құқықтық жағдайы, ата жұртпен байланысы, аралас неке секiлдi факторлардың тигiзетiн әсерi зор. Алып Еуразия құрылығы секiлдi ұлан-байтақ өлкеде шашырай қоныстанған түркi халықтарының тағдыры әрқалай қалыптасқандықтан, сан жағынан олар бiр-бiрiнен қатты алшақтанады. Отаршылардың қанды қақпанына тап болып, ұзақ жылдар аяусыз қырып-жоюға, қуғын-сүргiнге, үздiксiз қақтығысқа ұшырап, күштеу әрекетi мен әдiлетсiздiктен зардап шегiп, тағдыр тәлкегiне ұшыраған бұрынғы Кеңес Одағы түркiлерi, әсiресе Едiл бойы мен Орал, Қырым мен Солтүстiк Кавказ түркiлерi, қазақтар тарихтан тиесiлi үлес салмағын қалпына келтiре алмай келгенi белгiлi. Заманында iргелi ел болып келген қайсыбiр түркi ұлыстарының құрып кетуге шақ қалып, бүгiнгi күнге өте аз санмен жеткенi де ақиқат шындық.

Талай ауыр кезеңдi, қиын-қыстау заманды бастан кешiрiп, тағдыр тауқыметiмен тоз-тоз болып, иелiк еткен жерiнен айрылып қалған түрiк тайпаларының рухани болмысы мен халықтық сана-сезiмiнiң жұқара бастаған кезi, игi дәстүрiнен көз жазып қала жаздаған тұсы, бiр халық ретiнде қалыптасудың аз-ақ алдында тұрған жұрттардың бөлек ұлыс болып, ажырап кеткен кезi аз болған жоқ. Мәселен, қазақ, қарақалпақ, ноғай, құрама, манғыт т.б. қыпшақ түркiлерiнiң тiлiнiң, мәдениетi мен бiтiм-болмысының өте-мөте жақындығына қарамастан, уақыт озған сайын бiр-бiрiнен аражiгi ажырап, бөлек ұлт пен ұлысқа айналғаны немесе басқа этносға қосылып кеткенi белгiлi. Таяу уақытқа дейiн бiр этносқа бiрiге алмай келген ұлыстар бар. Мәселен, қашқай, афшар, қарадағ, айрум, қарапапах, падар, шахсеван, хаджар, баят, қызылбастардың жеке этнос екендiгi немесе әзірбайжан ұлтының субэтникалық бөлiгi екендiгi анықтала қойған жоқ.

Түркі халықтарының қалыптасу тарихы. Зерттеушiлердiң айтуынша, ерте заманнан бергi түркi ұлыстарының жерi, елi, әр алуан рулық, тайпалық құрылымы, тұрмыс-тiршiлiгi туралы мәлiметтер грек, рим, орыс, парсы, араб, тибет жазба ескерткiштерiнен, құнды да мол деректер армян жазбаларынан табылмақ.

Түркі тарихының жазба дерегінің аса мол қоры әсіресе мыңжылдық тарихы бар қытай жазбаларында сақтаулы екені белгілі. Қытай деректері де түркілерді өркөкірек, тік мінезді, тәуелсіздік пен еркіндік сүйгіш түрінде сипаттайды. Кең даланы мекендеген түркілер ат үстінде құйғытып келе жатып - ақ құралайды көздеп ататын мергендігі, жаугершілікке келгенде аяқтыға жол бермейтін, бір-біріне есе жібермейтіндігі туралы әлем тарихшылары түрлі деректер келтіреді. 

Қытай тiлiн жетiк меңгерген болашақ зерттеушiлер көне дәуiрдегi ата-бабаларымыз скиф, сақ, ғұн, үйсiн, қаңлы, түрiк қағанаты дәуiрiнен бастап хатқа түскен, халық бiлуге зәру боп отырған ең көне де қызықты деректерден сыр шертер, туған ел тарихын тынымсыз түгендеп, бұрын айтылмай я бұрмаланып келген ақтаңдағын, көмескiлене бастаған ақиқатын анықтар деп үмiттенемiз. Халық тарихына қатысты мұндай мол мағлұмат түрiк әлемiнiң саяси түлеуiне оның мәдениетi мен ғылымының дамуына әсер етiп, үлес қосар едi.

Ерте дәуірдегі Алтай зерттеушілердің назарын бұрыннан аударып келгені белгілі. Мұнда 18-ғасырда ешбір басқа елде кездеспеген ерте заманғы қоныс орны, алып қорған мен сарай үйіндісі, скульптор мен қабір үстіндегі ескерткіш қалдығы табылған. Даниялық ғалым Вильгельм Томсен жартастағы шифрмен жазылғанды ажырата оқып, оның түркі тіліндегі жазу екенін анықтаған. Одан кейін де қытай жылнамасында да ерте заманғы Алтай түркілері жайындағы мәлімет ашылған. Демек Алтай – түркі тектілердің ерте заманғы мекені болған. «Алтай» атауы көне түркі тіліндегі «алтын тау» деген мағынаны білдіреді. Мұндағы ерте заманғы түркілердің сырт келбетін қытай жылнамасында ақсары шашты, көгілдір көзді, мығым денелі  етіп сипаттаған (Мурад Аджи, Кипчаки, М., 1999, стр. 13–20).

Ежелгі түркі көшпенділері Орталық Азияда қазіргі еуропалықтар мен орыстардың арғы ата-бабаларының түсіне кірмей тұрғанда-ақ, алғашқы мемлекетті құрғанын тарихшылар дәлелдеп қойған. Атап айтқанда, жыл санауымыздан бұрынғы 209 жылы шаңырақ көтерген Ғұн мемлекетінен бастасақ, көшпенді түркілердің ел билеп, өкімет құруының 2 200 жылдан астам тарихы бар ежелгі халықтардың бірі екенін айғақтайды. 552–745 жылдары Алтай мен Жетiсу аралығында Түрiк қағанаты мемлекетi өмiр сүрiп, көк түрiктiң бөрiлi байрағы көтерiлген. Халықтардың ұлы қоныс аударуы деп аталатын кезеңде түркi тайпалары батыс Еуропаға дейiн жетiп, шашырай қоныстанған. Өмiрi ат үстiнде өткен түркi жұртының ұлан-байтақ Дештi қыпшақ даласынан бастап шығысы Байқал көлiнен, батысы Дунай өзенiне дейiнгi аралықта атының тұяғының iзi тимеген атырабы кемде-кем дейдi тарихшылар.

Түркі қағанаты жаугершілік жорықтар нәтижесінде Манчжуриядан Қара теңізге дейін созылды. Түркілер Орта Азияны басып алғаннан кейін Батыс пен Шығысты байланыстыратын сауда жолдарының қожайынына айналды. VI – XIII ғасырларда Жетісу аймағында бірін-бірін алмастырған бірнеше ортағасырлық мемлекеттер құрылды. 704 жылы Жетісудағы билікке түргештер келді. Оларды түркі тілдес қарлұқ тайпалары ығыстырып, VIII – IX ғасырларда Қарлұқ қағанатын құрды. 942 жылы олардың орнын Қарахан мемлекеті басады. Ол мемлекеттің негізін қалауда XII ғасырға дейін қарлұқ тайпалары үлкен рөл атқарды. Қарахан дәуірінде қалалық мәдениет, қолөнер, сауданың гүлденуі басталады. («Алматы Ақшамы», 18.11.2010).

Зерттеушілердің атап өткеніндей, ерте заманғы скифтер – Алтайдан шет аймаққа ірге көтерген түркілер. Түркілердің ұлы қоныс аударуы II ғасырда басталып, ол Еуропаға қарай бағытталған. Тарихта бір-ақ рет орын алған халықтың ұлы қоныс аударуы 300 жылға созылған. Оған дейін де түркілердің жаппай ірге көтеріп Орта Азия, Иран, Үндістанға қарайғы өңірге қоныстануы орын алған (Мурад Аджи, Кипчаки, М., 1999, стр. 89). Соның нәтижесінде кең-байтақ өлкеде Дешті қыпшақ мемлекеті пайда болған.

Тарихтан жақсы мәлім: Кіндік Азия – бүкіл түркі халықтарының Түркістан деген атпен белгілі болып келген байырғы атажұрты. Түркістан – түрік жұрты немесе түрік елі, түрік өлкесі деген сөз. Бұл ұлы өлке бүкіл адамзат мәдениетінің бастау алған жері, түрік дүниесінің бесігі, ұлы Азияның жүрегі.

Сейдін БИЗАҚОВ, филология ғылымының докторы

Пікірлер