Айбек ЕРЕЖЕП: Абадандар жортқан мекен бұл кеше!

3271
Adyrna.kz Telegram

Ел иесі, жер иесі кім? - десе,
Айт оларға, сал есіне білмесе.
Алты қарыс азуларын ақситып,
Абадандар жортқан мекен бұл кеше!

Өз еліңде өзгелерге құл болма,
Сағың сынса шаңыраққа бір қара.
Қасарысса қасқыр мінез танытқан,
Хас ұлдарын ұмытқан жоқ бұл дала!

Ер ұлдары бес қарулы түркінің,
Алты алаштың жамау керек жыртығын.
Жұмыр басы иығынан түскенше,
Баһадүрлер қамын жеген жұртының.

Қара шалдың шалғысындай шыңдаған,
Азаматтың өр намысы сынбаған.
Алтын сапты қылышындай жұртының,
Арыстарын ұмытпасын бұл қоғам!

Ел иесі, жер иесі кім?- десе,
Айт оларға, сал есіне білмесе.
Алты қарыс азуларын ақситып,
Абадандар жортқан мекен бұл кеше!!!

Пікірлер