Қарттар үйі мен балалар үйі қара шаңырақ па?

8895
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бір-бірімен ұштасып жатады. Осынау үш құнды нәрсені қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп, күлін жерге көмген.

Қара шаңырақ, үлкен үй дегеніміз не? Бұл – мұрагерлік жолмен ұрпақтан-ұрпаққа көшкен бір әулеттің арғы аталарының түтін түтеткен үйі. Қазақ дәстүрі бойынша бір әкеден туған ағайындылар ержетіп, бастарын құраған соң, өз алдарына отау тігіп, бөлек үй болады да, бірі ғана сол шаңырақта әке-шешесінің қолында қалады. Әке өлгенде, өзге ұлдарына отау көтергенде бөліп берген еншілерінен өзге сол үйдің бар дәулеті шаңырақ басқан ұлдың иелігіне көшеді.

Демек, қара шаңырақ ұғымы «үлкен үйден» де жоғары, қастерлі ұғым. Көне дәстүр бойынша қазақ кемінде жеті атасынан бергі қара шаңырақты жақсы білген. Біздің бала күнімізде ата-анамыздан естіген сөзіміз, «пәленше атаның қара шаңырағы түгеншенің қолында, ауылға келгенде әуелі сол үйге түсу керек» деп жататын. Олай істемесең, өкпе-реніш айтылатын. Дәстүр-салтты білмегенің үшін ұятқа қалатынсың.

Ал, қарт десе, әркімнің өз шаңырағына береке кіргізіп, құт дарытып отырған ақ сақалды атасы мен ақ жаулықты әжесі елестері қақ. Тілеуімізді тілеп, балаларына ақылын, немерелеріне ертегісін айтып, ортамызда аман-есен отыра берсе екен дейміз. Алайда, перзент атаулының бәрі ата-анасын алақанына салып аялап отырған жоқ. Өзін мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүт беріп өсірген, түн ұйқысын төрт бөлген анасын, мойнына мінгізіп еркелетіп, баласының бақыты, игілігі үшін бар күш-қуатын арнаған әкесін қартайған шағында өзектен тепкен қатыгез балалар да арамызда жетерлік. Әйтпесе, қарттар үйіндегі қариялардың саны жылдан-жылға артар ма еді? Әу баста үй-күйі жоқ қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатында өткен ғасырдың 50-60 жылдары құрылған мекемелер қуатты ұлы бар ақсақалдың, дәулетті қызы бар кейуананың құтты мекеніне айналар ма еді?

Қарттар – біздің асыл қазынамыз. «Ауылыңның  маңында  төбе болса,  ерттеулі   тұрған  атпен тең. Ауылыңда  ақылгөй  қария  болса, жазып  қойған  хатпен  тең»  деген  еді біздің  бабаларымыз. Иә, өткенімізді  осы  үлкендерсіз  елестету  мүмкін  емес. Біздің  бүгінгі  нұрлы  өміріміздің, алаңсыз  күлкі,  тәтті  ұйқымыздың  да  бейбіт   сақшысы  бола  білген,  самай-ларын  қырау  шалып,  жүздерін  уақыт  әжімі  торлаған  данагөй  қариялары-мыз  бен ақ  жаулықты  әдемі  әжелеріміз  емес  пе?

Бұл сан сұрақ менің жанымды жегідей жеді. Сабақ үстінде оқушыларыма ой тастадым, қарттар мерекесі қарсаңында сый-сияпатымызды алып, Алматы қаласында орналасқан «№3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» бардық. Бұл 2018 жылдың күзі еді. Әңгімелесу барысында түсінгенім, бұл жердегі аналарымыз бен әкелеріміз балаларынан мейірім көрмесе де, оларға ешқандай ренжімейтінін, тіпті оларды қарғамайтынын, дөрекілік танытпайтынын білдірді. Не дегенмен, іштен шыққан шұбар жылан қашан да ыстық емес пе?! Содан мынадай шешімге келдім. Қарттар үйі... Атауы қатал болғанымен, мұнда ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы бар. Бұл үй мұңды көздерге, сарғайған сағынышқа, ұқсас тағдырларға, өзекті өртер өкінішке толы. Қарттар үйі... Бұл-қатты жүректі жібітетін, ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын орын екенін ұқтым, көзім жетті.

Иа, біз қазақ елі  қандай едік. Қариясын сыйлаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтап өскен елміз. Ал олай болса бабаларымыздан  қалған осы бір ұлылық жалғасын тауып жүр ме? Жасырары жоқ. Ата салтымыздан адасқалы қашан. Тіпті тарихи соғыс жылдарында салынбаған жетімдер үйі бүгінгі мына қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда бой көтермесі бар ма? Бәлкім бұны да жеткен жетістіктеріміздің бірі дерміз…

Бірақ олай ойласаңыз оңбай қателесесіз. Жетімдер үйі қайдан шықты? Неге шықты деген сұраулар туындауы мүмкін. Әрине бұл қазіргі заман адамдарының мейірімсіздігінен, қатігездігінен туындаған нәрсе дер едім. Жетімдер үйі ертеде қос бірдей бәйтерегінен айрылған бүлдіршіндеріміз паналап күн кешсе, ал бүгін ше? Қазақта жетімін жылатпаған деген сөздің төркінінде де үлкен мән мағына жатыр. Мұнда мейірімділік, имандылық қасиеті айқын бейнеленген. Яғни біздің ата-бабаларымыз иманды, мейірімді болған екен. Ал төбесі көк тіреген бүгінгі жетімдер үйі бүгінгі таңдағы кейбір адамдардың айна қатесіз бірден-бір көрінісі осы болса керек.

«Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған екен асқақ ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың қажеті де жоқ шығар...

«Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім қамқор болып, кім назарға алуда. Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес.

   Қарасам жетімдер мен қарттар үйі,

Көз алдымда күн санап өсіп жатыр.

Ата-анасын тапсырған қарт үйіне,

Басты ғой кей безбүйрек десінді ақыр.

Баланы балшық көріп, сілкей тастап,

Лақтырып дәретіңе кетіп жатыр.

Көкпары болып тұрған көр заманның

Тек зары  бір Аллаға жетіп жатыр»,-

деген жыр жолыммен қысқа қайыруды жөн санадым.

Қорытындылай келе тақырыпқа оралсам, «Қарттар үйі мен балалар үйі қара шаңырақ па?», әлбетте берер жауабым жоқ. Себебі қазақ халқындағы қара шаңырақ ұғымының мағынасын жоғарыда көрсеттім. Би-шешендеріміздің сөзін тілге тиек етсем: Атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз, баласыз үй – қу мазарға айналатынын естен шығармайық, ондай халге түсетін күйден абай болайық, аулақ болайық! Хақ дініміз де әке-шешені қадірлеуді мұсылман атаулыға парыз санаған. Алла Тағала қасиетті Құран-Кәрімде: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Тұһ» деме (Кейіс білдірме). Сондай-ақ, оларға зекіме, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», – деп ашық аяттар түсірген. Құрметті, қазақ жастары! Қазақ қызы және қазақ жігіті деген абыройлы атқа сай болайық! Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қарттарын қадірлеген қоғамымызды қайта жаңғыртайық!

 

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандиданты

Әзиева Ағила, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің магистранты

 

 

 

 

 

Пікірлер